«JAS KEÑES SIYLIĞI» сыйлығы туралы ереже

«JAS KEÑES SIYLIĞI» сыйлығы туралы ереже

Жалпы ережелер

  1. «Jas Keñes Siyliği» Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің (бұдан әрі – Кеңес) бастамасымен құрылған тәуелсіз жастар сыйлығы.
  2. Сыйлық қазақстандық қоғам үшін маңызды салалар мен аймақтарда жұмыс істейтін және басшылық лауазымдарды атқармайтын, күнделікті жұмысы мен еңбектегі ерлігі көптеген отандастарымызға көріне бермейтін қазақстандық жас мамандарды көтермелеу мақсатында беріледі.
  3. Сыйлық мына номинациялар аясында беріледі:

-     «Janqiarlyq», ҚР ішкі істері мен қарулы күштері органдарының қызметкерлері үшін;

-     «Altyn jürek», орта, кіші медицина персоналының қызметкерлері (жедел медициналық жәрдем, акушерлер, санитарлар және т.б.) мен дәрігерлер үшін;

 -    «Önerkäsıp», өңдеу өнеркәсібі, тау-металлургия кешені және экономиканың басқа да өндірістік секторларының қызметкерлері үшін;

-     «Bolaşaq turaly qamqorlyq», арнайы мамандандырылған қызметтер көрсететін инклюзивті оқу орталықтарының, әлеуметтік қызметтер ұсынатын ұйымдардың (балалар үйлері, хоспистер, қарттар үйлері, мүгедектігі бар адамдарға қолдау көрсету орталықтары және басқа) қызметкерлері үшін, сондай-ақ еріктілер үшін;

-     «Bılım jäne Ğylym», мектепке дейінгі, орта, ТжКБ, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінің педагогтері, сондай-ақ ғалымдар, ғылыми қызметкерлер мен зерттеушілер үшін;

-     «Qaisar», апаттық-құтқару қызметтерінің, өрт сөндірушілер және азаматтарды қорғау жүйесінің өзге де ұйымдарының қызметкерлері үшін;

-     «Altyn qol», сырлаушы, сантехник, құрылысшы және т.б. жұмысшы мамандықтарының өкілдері, сондай-ақ ПИК, МИБ және елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз етуге жауапты ұйымдардың қызметкерлері үшін;

-     «Zharyq», энергетика секторы, атом өнеркәсібі және мұнай-газ кәсіпорындарының қызметкерлері үшін;

-     «Örken», агроөнеркәсіп кешені, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және азық-түлік өнімдерін өндіру саласының қызметкерлері үшін;

- «Örleu», ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (оның ішінде ЖИ, деректерді талдау және т.б.) және креативті индустрия саласының қызметкерлері үшін.

  1. Сыйлық лауреаттарына арналған ақшалай сыйақыны демеушілік және өзге де қаражат көлемін ескере отырып, жыл сайын Кеңес айқындайды. Мемлекеттік органдар немесе мемлекет қатысатын ұйымдар тарапынан мемлекеттік бюджет және/немесе материалдық көмек қаражатын пайдалануға жол берілмейді.

Ізденушілерге қойылатын талаптар

  1. Сыйлық алуға Қазақстан Республикасының 14 жастан бастап 35 жасқа дейінгі (35 жас кірмейді) азаматтары үміткер бола алады.
  2. Сыйлықты, оның ішінде әртүрлі номинациялар бойынша қайта беруге жол берілмейді.
  3. Өтінімдер Кеңес белгілеген мерзімде қабылданады. Өтінімді мемлекеттік не орыс тілінде беруге болады. Ізденуші өтінім беру кезінде номинацияны өз бетімен анықтайды.
  4. Бұл ретте ұйымдастырушылар ол туралы ізденушіні алдын ала хабардар ете отырып, негізделген қажеттілік болған жағдайда номинацияға түзету енгізу құқығын өзіне қалдырады.
  5. Ізденушінің сыйлық беру конкурсына қатысуға өтінімінде мына мәлімет қамтылады:

- тегі, аты, әкесінің аты (жеке куәлік PDF форматта, қос беті);

- ЖСН нөмірі;

- лауазымы көрсетілген қазіргі жұмыс орны (лауазымы мен жұмыс мерзімі көрсетілген жұмыс орнынан анықтама PDF форматта);

- жұмыс тәжірибесі (жұмыс мерзімі көрсетілген алдыңғы жұмыс орындары);

- ынталандырушы эссе (үміткердің сыйлық алуға лайық екені туралы сұрақтың жауабын ашатын 300-500 сөз);

- ұсыным беретін адамның аты-жөні мен жұмыс орны көрсетілген ұсыным хат (бір беттен аспайтын, Times New Roman 14 қаріппен жазылған PDF форматта);

- PDF форматтағы алғыс хаттар, мақтау қағаздары мен басқа да марапаттар;

- сыйлыққа үміткердің қызметін жариялайтын сұхбаттарға, БАҚ-тағы мақалаларға сілтемелер;

- ұялы, жұмыс телефонының байланыс нөмірі және электрондық пошта мекенжайы.

Ізденуші өтінім бере отырып, өзінің дербес деректерін жинау мен өңдеуге келісім береді.

  1. Сыйлыққа үміткерлер jaskenes.kz сайтындағы электрондық нысан арқылы өз бетінше қатысуға өтінім береді. Кәмелет жасқа толмағандардың өтінімін сенімхат (өтінімге қоса берілген) негізінде заңды өкілі (ата-анасы, қамқоршысы, жақын туыстары) жүзеге асырады.

 

Беру тәртібі

  1. Келіп түскен өтінімдерді Кеңес мүшелерінің қатарынан құрылған және кемінде 7 (жеті) адамнан тұратын комиссия қарайды.
  2. Комиссияны оның мүшелері арасынан сайланатын төраға басқарады. Комиссияның құрамын Кеңес Төрағасы бекітеді. Комиссия отырысы, егер оған мүшелерінің жартысынан көбі қатысса, заңды болып саналады.
  3. Егер мүдделер қақтығысы туындауы үшін айқын немесе әлеуетті негіз болса және қарсылық білдіруге (өздігінен бас тартуға) жататын жағдайда, Комиссия мүшесі ізденушілердің өтінімдерін қарауға қатыспайды.
  4. Сыйлық алуға ұсынылған кандидатураларды комиссия үш кезеңде қарайды:

- Бірінші кезең, өтінімдерді толтырудың толықтығы мен дұрыстығын техникалық бағалау;

- Екінші кезең, Комиссия мүшелерінің келіп түскен өтінімдерді жеке қарауы. Осы кезең шеңберінде Комиссия мүшелері кеп түскен өтінімдерге тәуелсіз бағалау жүргізеді және әр номинация бойынша кемінде 5 үміткерден тізім құрады;

- Үшінші кезең, іріктелген кандидаттардың (әр номинация бойынша кемінде 5) Комиссия мүшелерімен оффлайн немесе онлайн форматта сұхбаты. Үшінші кезеңде Комиссияның әрбір мүшесі кандидаттарды 5 балдық шәкіл (1-ден 5-ке дейін) бойынша бағалайды. Ең көп балл жинаған екі кандидат өз номинациясы бойынша жеңімпаз болып айқындалады. Баллдар саны тең болған жағдайда түпкілікті шешімді Комиссия төрағасы айтады.

 

Сыйлық беру

 

  1. Кеңес конкурстық іріктеу нәтижелерін жеңімпаздарды анықтаған күннен бастап 7 (жеті) күн ішінде әлеуметтік желілер, бұқаралық ақпарат құралдары және интернет-сайттар арқылы жариялайды.
  2. Марапаттау рәсімі барысында сыйлыққа ие болған адамдарға тиісті диплом, ақшалай сыйақы беріледі, сондай-ақ іс-шараның серіктестері мен демеушілерінен қосымша бағалы сыйлықтар табыс етілуі мүмкін.