Мәдениет басқармасының 2025 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес 2025 жылғы 09-17 маусым аралығында облыс аумағында ономастика саласы бойынша кең ауқымды дәйекті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Шаралар кешені аясында саясаткер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Азаматтық Альянсы ұйымының вице-президенті Д.Қ. Көшім, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты, тіл жанашыры, «Құрмет» орденінің иегері Қ.Х. Жақып және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қостанай облысы бойынша филиалының төрағасы З. Санайдың, басқарма басшысының орынбасары М.Б. Әбдірахмановтың, ономастикалық жұмыс бөлімінің бас маманы А.Ж. Садуақасованың арнайы спикер ретінде қатысуымен облыстың 8 ауданында «Ономастика саласы бойынша түсіндіру-зерттеу жұмыстары» тақырыбында 15-тен артық кездесу, Арқалық және Рудный қалаларында «Жер-су атаулары: елдік сана және рухани жаңғыру» атты көшпелі семинарлар өткізілді.
Аталған шараларға аудандық (қалалық) мәслихаттардың депутаттары, қоғамдық пікір белсенділері, жергілікті қоғамдастық жиналыстарының, ардагерлер кеңесінің, ономастикалық жұмыс топтарының мүшелері, ономастика, тарих мәселесімен айналысатын өлкетанушылар, оқытушылар, ауылдық округтер мен ауылдар әкімдері, тұрғындар, мекемелер, кәсіпорындар басшылары, жеке кәсіпкерлер, музей, кітапхана, жастар ресурстық орталықтарының мамандары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, мамандары қатысты. Көшпелі семинарлар жұмысымен барлық өңірлер қамтылды.
Спикерлер Қазақстан Республикасының ономастика саясатының негізгі бағыттары, Қостанай облысындағы ономастика мәселелері, ономастика саласын заңдық тұрғыдан реттеу туралы баяндап, тәжірибемен бөлісті. Аудандар мен қалалардың атқарушы органдары өкілдері өңірлердегі ономастикалық ахуалмен таныстырды. Қатысушылар көшелер атауларын өзгерту, объектілерге кісі есімдерін беру туралы көкейтесті мәселелер бойынша сұрақтар қойып, ұсыныстарын жеткізді.