
Қостанай облысында 2022 жылдан бері жас мамандарға арналған «Қостанай жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама жеке тұрғын үйі жоқ жұмыс істейтін жастарды қолдауға бағытталған.
– «Бағдарлама іске асырылған уақыттан бері 344 жас маман баспаналы болды. Жалпы қаржыландыру көлемі шамамен 5 млрд теңгені құрады. Ал биыл бағдарламаға 1 млрд теңге бөлінді», – дейді Қостанай облысы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қазез.
Өтінім қабылдау 2026 жылғы 5–26 қаңтар аралығында жүргізіледі.
Бағдарламаға 34 жасқа дейінгі жас мамандар қатыса алады. Қатысушылардың Қостанай облысында тұрақты тіркеуі болуы, негізгі жұмыс орнындағы еңбек өтілі кемінде 6 ай (жеке кәсіпкерлер үшін – кемінде 1 жыл) болуы және соңғы 5 жылда тұрғын үйі болмауы тиіс. Отбасының жиынтық табысы 150 АЕК-тен аспауы керек. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың тек біреуі ғана қатыса алады.
Тұрғын үй негізгі жұмыс орны орналасқан өңірден сатып алынады. Іріктеуді өңірлік комиссиялар жүргізіп, негізгі және резервтік тізімдер қалыптастырады.
– «Іріктеуден өткен қатысушылар “Отбасы банк” АҚ-да банктік біліктіліктен өтіп, жинақ шоты мен бастапқы жарнасы болған жағдайда тұрғын үй заемын алады», – деп атап өтті «Отбасы банк» АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры Асель Досымханқызы.