Қазақстанда Ұлттық құрылтай құрылды

Қазақстанда Ұлттық құрылтай құрылды

Бүгін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай құру туралы Жарлыққа қол қойды, онда оның ережесі мен құрамы бекітілді.

Ұлттық құрылтай құрамына әрбір өңірлік қоғамдық кеңестен бір өкілден кірді.

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин атап өткендей, «Осылайша, бұл диалог алаңында жергілікті қоғамдық кеңестердің бүкіл жүйесі қамтылған».

Қостанай облысын Ұлттық құрылтай құрамында Қостанай облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасының орынбасары Серік Шыңғысұлы Бектұрғанов ұсынады.

Жаңа қоғамдық институт мүшелерінің қатарында белгілі композитор, жазушы, Қазақстан Еңбек ері Илья ЖАКАНОВ, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын, қоғам қайраткері Мұхтар ШАХАНОВ, қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, белгілі журналист және қоғам қайраткері Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ, көрнекті ғалым-математик, академик Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ, ірі экономист және қоғам қайраткері Жақсыбек КҮЛЕКЕЕВ; белгілі мемлекетттік және саяси қайраткер Әлихан БӘЙМЕНОВ; журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат БАПИ; мемлекеттік және қоғам қайраткері, Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай САБИЛЬЯНОВ; мемлекет қайраткері, әлем чемпионы, Сеулдегі Олимпиаданың күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыханов; биотехнолог ғалым, COVID-19 қарсы «QazVac» вакцинасын әзірлеуші Күнсұлу Закарья; қоғам қайраткері, дінтанушы Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ; белгілі тілтанушы ғалым Анар ФАЗЫЛЖАНОВА; эколог, азаматтық белсенді Азамат ӘМІРТАЕВ сынды азаматтар және басқа да Қазақстанға танымал тұлғалары бар. Ұлттық құрылтай құрамында барлығы 117 қатысушы бар.

Сондай-ақ, Ұлттық құрылтайға Парламент депутаттары, саяси партиялардың, бизнес, медицина, білім, ғылым, мәдениет, спорт, адам құқықтарын қорғау және басқа да ұйымдасқан әлеуметтік топтардың ірі салалық бірлестіктерінің өкілдері кірді. Жұмысқа жастар көшбасшылары мен белсенділері де шақырылды.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз жұмысын аяқтады, бірақ оның мүшелерінің негізі ұлттық құрылтай құрамына кірді.

Жаңа құрылым туралы Президент өзінің наурыз айындағы Жолдауында алғаш рет мәлімдеді.

Ұлттық құрылтай қоғамдық топтасуды нығайту және кеңейту бойынша идеялар мен қадамдарды іздеу және әзірлеу үшін диалогтық платформа болуға тиіс.

Арнайы онлайн-платформа құрылды, оған барлық қазақстандықтар өз ұсыныстарын Ұлттық құрылтай хатшылығына жібере алады.

Осылайша, Ұлттық құрылтай жаңартылған Қазақстанның құрылысына өз үлесін қосуға дайын азаматтарды жалпыұлттық біріктірудің өзегіне айналады.