Қазақстан Республикасының салық резиденті болып табылмайтын шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар еліміздің аумағында орналасқан мүлікті мұрагерлікке алуға құқылы. Мұраны алу белгілі бір салықтық міндеттемелердің туындауына әкеледі.
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 695-бабына сәйкес бейрезидент салық агенті болып табылмайтын тұлғадан Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстар бойынша жеке табыс салығын өз бетінше есептейді және төлейді.
Салық кодексінің 682-бабының 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес мұра түрінде алынған табысқа 20 пайыз мөлшерлемемен жеке табыс салығы салынады.
1-мысал
Германия Федеративтік Республикасының азаматы 35 млн теңге құнындағы мүлікті мұрагерлікке алды.
Ол:
- 20 пайыз мөлшерлемемен жеке табыс салығын өз бетінше есептеуге;
- кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00-нысан) ұсынуға;
- салықты белгіленген мерзімде төлеуге міндетті.
270.00-нысан бойынша декларация есепті жылдан кейінгі жылдың 1 шілдесінен кешіктірілмей ұсынылады.
Салық 10 шілдеден кешіктірілмей төленеді.
Егер бейрезидент Қазақстан Республикасынан кетіп, декларацияны ұсыну мерзімі аяқталғанға дейін қайта оралуды жоспарламаса, онда ол декларацияны елден шыққанға дейін тапсырып, салықты алдын ала төлеуге құқылы.
Салықтық міндеттемелерді орындау үшін шетелдік азамат Қазақстан Республикасының жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алуы қажет.
3. Мұраға алынған мүлікті сату кезінде
Салық кодексінің 682-бабының 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес бейрезиденттің құн өсімінен алған табысына 15 пайыз мөлшерлемемен жеке табыс салығы салынады.
Шетелдік азамат мұрагерлік тәртібімен алған пәтерді сатқан жағдайда, құн өсімінен алынған табыс ретінде мүлікті өткізуден алынған бүкіл сома танылады.
2-мысал
Ресей Федерациясының азаматы мұрагерлікпен алған пәтерін 42 млн теңгеге сатты.
42 млн теңгенің толық сомасы құн өсімінен алынған табыс болып танылады және оған 15 пайыз мөлшерлемемен жеке табыс салығы салынады.
Егер Қазақстан Республикасы мен мұрагердің салықтық резиденттігі болып табылатын мемлекет арасында қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық шарт қолданыста болса, бейрезидент оның ережелерін пайдалануға құқылы.
Бұл үшін 270.00-нысан бойынша декларациямен бірге шетел мемлекетінің салықтық резиденттігін растайтын құжат ұсынылуы тиіс.
Лисаков қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы Қазақстан Республикасында мұра алған шетелдік азаматтарға салықтық міндеттемелерін уақытылы орындауды, ал сұрақтар туындаған жағдайда мүлік орналасқан жердегі мемлекеттік кірістер органдарына жүгінуді ұсынады.
Бұл салық заңнамасын бұзудың және қосымша қаржылық шығындардың алдын алуға мүмкіндік береді.