13 қазан күні «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Кадырханова А.К. Лисаков қаласы әкімдігінің №3 орта мектебі» ММ мен «Лисаков техникалық колледжі» МКҚК ұстаздарымен кездесті.
Мақсат - биылғы әлемде орын алған пандемия жағдайына байланысты «Рухани жаңғыру» бағдарламасына енгізілген 4 жаңа арнайы жобаларын түсіндіру.
«Үнем – қоғам қуаты» арнайы жобасы негізінде жастарды икемді, қаржылық тұрақты, дені сау, білімді, еңбек нарығында сұранысқа ие болуға, өзінің әлеуетін іске асыруға және құбылмалы әлем жағдайында тез әрекет етуге мүмкіндік беретін бірқатар ұтымды дағдыларын қалыптастыруды қамтиды. Қазіргі таңда арнайы жобаларды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында әлеуметтік бейнероликтер, кітап оқуға тарту, салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын іс-шараларды өткізу жоспарланған.
Сонымен бірге, ұмыт болып бара жатқан, алайда ізгілік пен тәрбие құндылығы жағынан қазіргі заманда да өзекті болып отырған дәстүр мен тарихи жәдігерлерді қайта жандандыруға бағытталған «Дәстүр мен ғұрып» жобасы басталып отыр.
«Құқықтық мәдениет» жобасының негізгі қағидаттарының бірі – бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру жолында құқықтық мәдениеті толысқан қоғам құру.
Жаңа бірегей жобалардың қатарында «Еңбек – елдің мұраты» арнайы жобасы да бар. Оның мақсаты – қазіргі ұрпаққа қажырлы еңбектің арқасында өз кәсібі саласында табысқа жеткен адамдардың жетістігін барынша насихаттау, жастарға кәсіптік бағдар беру.
Әр жобаға жеке концепция жасалған. Бұл жобалардың барлығының басты идеясы – тұлғаны тәрбиелеу мен қоғамда биік талғам қалыптастыру болып саналады.
Кездесу соңында ұстаздарға бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарынан көрінетін білімді, патриот, өз елінің салт-дәстүрін сақтайтын азаматтар тәрбиелеуде тың идеяларды бірге жүзеге асыруға шақырды.