Лисаков қаласы, 12 қыркүйек. «Лисаков қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тілдерді оқыту орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты аймақтық тілдер форумы өтті. Іс-шара ұлы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына, Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына және Қазақстан халқы тілдері күніне орай ұйымдастырылды.
Форумға Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Кенжеғали Әмірғалиұлы Бимағамбетов, Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы Тоты Әбдібекқызы Айтмағамбетова, Рудный қаласы, Жітіқара және Денисов аудандарының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен тілдерді оқыту орталықтарының директорлары, Лисаков қаласының қазақ тілі пәні мұғалімдері, оқушылар мен студенттер қатысты.
Форум аясында мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды. Оларға қала әкімінің алғыс хаттары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.