
Жданов ауылдық округінде кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, отбасындағы қолайсыз жағдайлардың алдын алу және балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін факторларды дер кезінде анықтау мақсатында тұрақты түрде профилактикалық рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Аталған жұмыстар Жданов ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Есмағамбетов Е.К., психолог Махамбет А.А., әлеуметтік педагог Шаяхметов А.К., «Қостанай ауданы білім бөлімінің Жданов жалпы білім беретін мектебі» КММ ұжымы, сондай-ақ «Қостанай ауданы Жданов ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ бас маманы Тәжібаева Ж.О. бірлесіп жүзеге асыруда.
Рейдтік іс-шаралар барысында тұрмыстық жағдайы төмен, әлеуметтік қолдауды қажет ететін және тәрбиелік бақылауды талап ететін отбасыларға ерекше назар аударылады. Мамандар ата-аналармен және заңды өкілдермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, балалардың құқықтарын сақтау, отбасындағы қолайлы психологиялық ахуалды қалыптастыру, зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша кеңестер береді.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында профилактикалық әңгімелер өткізіледі.
Осындай бірлескен жұмыстардың басты мақсаты – әрбір баланың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасау, отбасы институтын нығайту және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау.