Ана мен бала денсаулығын сақтау
2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75,4 жасқа жетті. Ана өлімі көрсеткіші 12%-ға төмендеп, тарихи минимумға жетті. Сондай-ақ неонаталдық өлім 20%-ға, сәби өлімі 11%-ға, ал бала өлімі 8%-ға азайды.
2024 жылы елімізде алғаш рет «Феталды медицина» инновациялық технологиясы енгізілді: 71 жатырішілік (ұрыққа) операция жасалып, нәтижесінде 96 нәрестенің өмірі сақталып қалды. Жаңа туған сәбилер хирургиясы да қарқынды дамуда – 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында туа біткен даму ақаулары бар 600 нәрестеге ота жасалды.
Ауытқуларды ерте анықтау үшін елде тиімді инфрақұрылым қалыптастырылды – Бір күндік клиникалар, Ұрықты қорғау орталықтары ашылды. Балаларға туғаннан бастап төрт түрлі скрининг жүргізіледі: неонаталдық, аудиологиялық, психофизикалық және офтальмологиялық. Бұл жұмыс нәтижесін берді – туа біткен ақаулары бар балалар арасындағы бастапқы мүгедектік 7,5%-ға төмендеді, ал жаңа туғандардың өмір сүру деңгейі 88%-дан 93%-ға дейін артты.
Балаларға көрсетілетін көмекті жақсарту үшін әрбір МСАК ұйымында педиатриялық бөлімдер ұйымдастырылуда. ЮНИСЕФ қолдауымен емханаларда Балаларды дамыту және ерте араласу орталықтары ашылып жатыр. Бүгінде осындай 100 орталық жұмыс істейді, онда дамуында қиындықтары бар балалар кешенді көмек алады. Балалар арасында аутизм диагнозы қойылғандар санының көбеюіне байланысты олардың реабилитациясына арналған төсек-орын саны 4 есеге артты.
Аналарды қолдау үшін алғаш рет әйелдердің репродуктивтік денсаулығын нығайтуға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылды. Сонымен қатар шалғай ауылдардағы әйелдер үшін жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерді алдын ала госпитализациялауға арналған «Салауатты ана» пансионаттары ашылып жатыр.
Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту: 655 медициналық нысанның 538-і іске қосылды
Елімізде әлемнің жетекші медициналық орталықтарымен қатар қоятын бірегей операциялар жасалады. Жүрек пен өкпені трансплантациялау, сондай-ақ бүйректің үшжақты айқаспалы трансплантациясы сияқты аса күрделі операциялар жасалады. Қазақстан осындай операциялар орындалатын әлемдегі алты елдің қатарына кіреді.
Ми ауруларын емдеуде «Гамма-пышақ» технологиясы қолданылса, онкологиялық дерттерге қарсы заманауи протондық терапия енгізілуде.
Инфрақұрылымды жаңарту бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 655 нысанның 538-і салынды.
«Бұл нысандар бұрын медицина нысандары болмаған ауылдарда, сондай-ақ ескірген және бейімделмеген ғимараттардың орнына салынуда. Нәтижесінде шамамен 1 миллион ауыл тұрғыны медициналық қызметпен қамтылады», – деп атап өтті денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
36 облыстық аурухана мен 17 перинаталдық орталыққа жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Балалар бөлімшелеріндегі төсек-орын қоры 38%-ға ұлғайды. Шамамен 2,1 мың бірлік медициналық жабдық сатып алынып, соның нәтижесінде жарақтандыру деңгейі 86%-ға (62%-дан) дейін өсті.
Денсаулық сақтау жүйесінде кадр даярлауды күшейту, дәрі-дәрмек бағасын төмендету және цифрлық трансформацияны дамыту шаралары қабылдануда
Денсаулық сақтау жүйесінде кадрлық мәселелер де шешілуде. «Педиатрия» мамандығы қайта енгізіліп, өте тапшы 14 балаларды емдеу мамандығы бойынша резидентура ашылды.
«Адами капиталды дамыту бағытында медициналық білім беруді күшейтіп, науқастарды дербес қабылдауға басымдық бере отырып, мейірбикелік тәжірибені дамытамыз. Үздіксіз кәсіби даму симуляциялық орталықтары мен қашықтан оқыту плаформалары арқылы енгіземіз. Жыл сайын медициналық оқу орындарына қабылданатын талапкерлер санының көбеюі дәрігер кәсібінің мәртебесін арттырудың белгісі. 2025 жылы медициналық жоғары оқу орындарының түлектері 11 600 маманды құрады. Олардың үштен екісі өңірлік бөлу бойынша медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасты. Мамандарды өңірлерге тарту үшін мемлекеттен қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қосымша әлеуметтік қаржылай көмек қарастырылған. Кадр тапшылығын азайту мақсатында ауылдық елді мекендерге жұмысқа келген аса тапшы мамандықтар дәрігерлерге 8,5 миллион теңге көлемінде төлем қарастырылған», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Фармацевтика саласында 2029 жылға дейін отандық дәрі-дәрмек өндірісі үлесін 50%-ға жеткізу жөніндегі тапсырманы орындау бойынша шаралар қабылдануда. Баға қалыптастырудың ашықтығын арттыру мақсатында шекті бағаларды айқындау тетігі қайта қаралды: артық шығындар алынып тасталды және дженериктердің бағасы түпнұсқа препараттар құнының 30%-ына дейін төмендетілді. Тек «СҚ-Фармация» сатып алатын ең қымбат 20 дәрілік препарат бойынша ғана шамамен 18 млрд теңге үнемделуі көзделуде. Жалпы алғанда, ТМККК және МӘМС жүйесі аясында шекті бағалар 19%-ға төмендейді, ал көтерме және бөлшек сауда сегменттерінде 30%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.
Референттік баға белгілеудің жаңа моделін енгізу дәрі-дәрмек құнын 12%-ға төмендетуге мүмкіндік беріп отыр, ал жалпы экономикалық тиімділік шамамен 50 млрд теңгені құрады.
Бұл қаражат терапияның қолжетімділігін кеңейтуге және сапасын арттыруға бағытталады. Сонымен қатар амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізімі оңтайландырылып, бұл өз кезегінде инновациялық препараттарды енгізу үшін қосымша ресурстар босатуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар саланың цифрлық трансформациясы жүргізіліп жатыр. Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құрылуда. Қабылдаулар туралы жалған жазбалармен күресу мақсатында 2024 жылдың тамызынан бастап пациенттерді цифрлық сәйкестендіру жобасы («Цифрлық құжат» және Face ID арқылы) іске қосылды. Нәтижесінде негізсіз көрсетілген медициналық қызметтер көлемі 6%-ға (4,7 млрд теңгеге) азайды.
Сұранысы ең жоғары 8 медициналық анықтама түрі цифрландырылды:
· 073/у «Көлік құралын басқаруға рұқсат беру»,
· 075/у «Медициналық анықтама»,
· 052-2/у «Баланың денсаулық паспорты»,
· 026/у «ДКК қорытындысы»,
· 069/у «Санаторий-курорттық карта»,
· 076/у «Қару ұстауға рұқсат алу»,
· 038/у «Уақытша еңбекке жарамсыздық туралы анықтама».
Жыл басынан бері ақпараттық жүйелерде 4,7 млн-нан астам осындай құжат тіркелді. Қазіргі уақытта «еңбекке жарамсыздық парақтарын» қағаз түрінде қолдануды толықтай алып тастау жұмыстары жүргізілуде. Медициналық ақпараттық жүйелердің функционалы оңтайландырылып, медицина қызметкерлеріне түсетін жүктеме 40%-ға дейін азайды. Маңызды қадамдардың бірі – биылғы жылдың қыркүйегінен бастап жасанды интеллект негізіндегі «дәрігер көмекшісін» енгізу, бұл диагностика үдерісін оңтайландыруға және қателіктерді барынша азайтуға мүмкіндік береді.