Жыл басынан бері Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында онлайн-курстарды аяқтағаны туралы сертификатты 77,4 мың азамат алды. Платформа жұмыс істей бастағалы бері онда 1,3 млн пайдаланушы тіркелген, оның ішінде 109,4 мыңы – биыл тіркелгендер. Ал берілген сертификаттардың жалпы саны 1 млн 268 мыңға жетті, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Осы жылдың мамырында оқуды аяқтағандардың қатарында 43 243 әйел (55,9%) және 34 171 ер адам (44,1%) бар. Ең белсенді жас санаты – 36-50 жас аралығындағы азаматтар, олардың саны 26 309 адамды құрады. Оқуды аяқтағандардың ең көп саны Қызылорда облысында (7 595 адам), Алматы қаласында (6 405 адам), Алматы (6 152 адам) және Түркістан облыстарында тіркелді.
Оқуды аяқтағандардың жалпы санының ішінде 29,8 мыңы – жұмыссыз азаматтар, оның ішінде 16-35 жас аралығындағы 7,4 мың адам бар.
Бүгінде Платформада түрлі бағыттар бойынша 602 курс орналастырылған, оның 417-сі тегін. Оқу ұзақтығы 2 сағаттан 72 сағатқа дейін. Сонымен қатар пайдаланушыларға Fluent Education және Яндекс Қазақстан серіктестерінің курстары қолжетімді, оларда оқуды жалғастыру мүмкіндігі қарастырылған.
Ең танымал курстар қатарында: «Кассир» (9 397 сертификат), «Қаржылық сауаттылық курсы» (3 589 сертификат), «Қозғалысы шектеулі адамдарды сүйемелдеуге арналған жеке көмекшінің кәсіби курсы» (2 450 сертификат) және «Әлеуметтік жұмысқа кіріспе» (1 119 сертификат) бар.
Инклюзивті білім беруді дамытудағы маңызды қадамдардың бірі ретінде есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған «Тігін ісінің негіздері: ымдау тілінде жасанды интеллектпен дыбыстау» курсы орналастырылды. Курсқа тіркелген 224 пайдаланушының 118-і оқуды сәтті аяқтап, сертификат алды.
Платформа кәсіби даярлау мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастыруда. Маңызды жаңашылдықтардың бірі – Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарының, сондай-ақ Астана және Шымкент қалаларының еңбек мобильділігі орталықтарында жұмыссыз азаматтарды VR-технологияларды пайдалана отырып оқыту бойынша пилоттық жобаның іске қосылуы болды. Жоба аясында бес бағыт бойынша VR-курстар әзірленді: «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау негіздері», «Токарь ісінің негіздері», «Дәнекерлеу ісі негіздері», «Слесарь ісі негіздері» және «Кондитерлік іс негіздері». Бұл формат кәсіби дағдыларды қауіпсіз виртуалды ортада пысықтауға мүмкіндік береді.
Қатысу тәртібі қарапайым: оқуға ниетті адам мансап орталығына жүгінеді, жүйе оның Skills Enbek платформасында онлайн-курсты аяқтағанын автоматты түрде растайды, содан кейін VR-жабдықтарды пайдалана отырып, практикалық сабақтарға қол жеткізе алады. Бұл мүмкіндікті жүгінген кез келген азамат пайдалана алады.
2026 жылғы мамыр айының қорытындысы бойынша оқудан өткен 1 960 адам жұмысқа орналасты. Бұл онлайн-оқытудың еңбек нарығында сұранысқа ие екенін және азаматтардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы тиімділігін көрсетеді.
Өңірлерде көктемгі дала жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы дақылдары 20,9 млн гектар алқапқа егілді, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Дәнді дақылдар 15 млн гектар алқапқа, майлы дақылдар 4,2 млн гектарға, мал азықтық дақылдар 1,2 млн гектарға орналастырылды. Сонымен қатар, мақта 164,3 мың гектарға, картоп 128,4 мың гектарға, көкөніс дақылдары 122,1 мың гектарға, бақша дақылдары 83,9 мың гектарға, қант қызылшасы 22 мың гектарға егілді.
Егіс науқаны еліміздің негізгі астық егетін өңірлерінде қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, Ақмола облысында 5,3 млн гектар, Қостанай облысында 5 млн гектар, Солтүстік Қазақстан облысында 4,1 млн гектар алқапқа егін егілді.
Егіс науқанына 133,9 мыңнан астам трактор, шамамен 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу техникасы жұмылдырылған. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге үздіксіз техникалық қолдауды 70 сервистік орталық қамтамасыз етуде.
Хабарландыру!
Құрметті Жданов ауылдық округінің тұрғындары!
2026 жылғы 03 мауысымда сағат 15:00-де Жданов мектебінің ғимаратында Қостанай ауданының әкімі О.Ж. Нұрғалиевтің халықпен кездесуі өтеді.
«Қостанай ауданы Жданов ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ
Биыл қаңтар-мамыр аралығында мемлекеттік бюджеттің кірісі жоспардағы көрсеткіштен артығымен орындалды. Бюджетке 11,4 трлн теңгеден астам қаражат түсіп, бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 16% көп. Аталған көрсеткіш экономикалық белсенділіктің орнықты серпіні мен бюджет түсімдерінің өсімін байқатып отыр, деп хабарлайды ҚР Қаржы министрлігі.
Республикалық бюджеттің кірісі 100,9% орындалды. Жоспар бойынша 7,34 трлн теңгекөзделгенімен нақты түсімдер 7,41 трлн теңгеге артқан. Бұл жоспарланған межеден 66,7 млрд теңгеге жоғары екенін айғақтайды.
Республикалық бюджет кірісінің өсім қарқыны былтырға қарағанда 25,1% немесе 1,48 трлн теңгеге көп. Жедел деректерге сүйенсек, жергілікті бюджеттердің кірісі 4,05 трлн теңгеге ұлғайған. 2025 жылдың қаңтар-мамыр аралығындағы кезеңмен салыстырғанда жергілікті бюджеттердің түсімі 95,1 млрд теңгеге немесе 2,4% өскен.
Республикалық бюджеттің кірістер құрылымында (трансферттерсіз) 97,7% салық түсімдеріне тиесілі. Соған сәйкес жоспар 100,5% орындалып, өсім 30,6% аса ұлғайтылды. Айтарлықтай өсім қосылған құн салығы, корпоративті табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы және шикі мұнайға экспорттық кедендік баж есебінен қамтамасыз етілді. Әлемдік шикізат нарықтарындағы қолайлы бағаконъюнктурасы, экономиканың өсімі, іскерлік белсенділік пен салық реформасы кірістердің артуына негізгі фактор болды.
Мемлекеттік бюджет даму бюджетінің мәртебесін сақтап отыр. Ұзақмерзімді экономикалық өсім мен азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға негіз болатын инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға баса мән берілген.
Ел дамуының негізгі бағыттарының қатарында – автомобиль жолдарын салу және жаңғырту, инженерлік және коммуналды инфрақұрылымды жақсарту, көлік-логистикалық дәліздерді дамыту, сондай-ақ энергетика, сумен жабдықтау және цифрландыру саласындағы жобаларды іске асыру бар. Бұл тәсіл өңірлердің байланысын арттыруға, халықтың сапалы қызметтерге қолжетімділігін жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашып, қосымша жеке инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді.
Тұтастай алғанда, бес айдың нәтижелері бюджеттің кіріс базасының орнықтылығын, экономикалық белсенділіктің ұлғаюы мен даму бюджетінің сақталуы жағдайында түсімдердің оң динамикасын растап отыр.
Бағдарлама 158 іс-шараны қамтиды, ал оны жүзеге асыруға жалпы көлемі 1,3 трлн теңге қаржы қарастырылған. Құжат аясындағы жұмыстар білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және қауіпсіздік сияқты негізгі бағыттар бойынша жүргізілуде.

Үш ауысымды мектептерді жоюдан бастап жеке ваучерлерге дейін
Білім беру саласында жүргізіліп жатқан жұмыстардың басты мақсаты – қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2020 жылдан бері елімізде 1,2 мыңнан астам мектеп салынды. Нәтижесінде 1 млн-нан астам жаңа оқушы орны ашылды, бұл үш ауысымды мектептер санын төрт есеге қысқартуға мүмкіндік берді. Биыл тағы 53 мың орынға арналған 96 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар қолданыстағы мектеп инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр: алдағы үш жыл ішінде 1,3 мың мектепті жаңарту көзделген, оның 820-сы ауылдық елді мекендерде орналасқан. 2025 жылдан бері 215 мектеп жаңартылды. Жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында пәндік кабинеттер, асханалар, спорт залдары және қауіпсіздік жүйелері толық ауыстырылуда.
Білім беру мазмұны да заман талабына сай жетілдірілуде. Оқу үдерісіне цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп, пәндік дайындық күшейтілуде, сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған бейімделген бағдарламалар дамытылуда. Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл оқу орындарында әрбір оқушының қабілетін ашуға мүмкіндік беретін қолайлы әрі қолдаушы орта қалыптастыруға жол ашады.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту білім беру жүйесіндегі маңызды кезең болып қала береді. Дәл осы кезеңде баланың тұлғалық дамуының негізі қаланып, қарым-қатынас дағыдылары қалыптасады және мектепке дайындық жүргізіледі. Осыған байланысты мемлекет балабақшалар мен мектепалды даярлыққа қолжетімділікті дәйекті түрде кеңейтіп келеді. Бүгінгі таңда республика бойынша 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 5,3 мыңы – мемлекеттік, ал 6,6 мыңы – жекеменшік ұйымдар. Мұнда 1 млн-нан астам бала тәрбиеленуде, 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 70,9%-ға жетсе, кезекте тұрған балалар арасында бұл көрсеткіш 96%-ды құрайды.
Мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін арттыру үшін қаржыландырудың жаңа тәсілдері енгізілуде. Атап айтқанда, еліміздің 20 қаласы мен 23 ауданында ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы іске қосылды. Жобаға 6 мыңға жуық ұйым қатысып, 936 мыңнан астам ваучер берілді. Бұл қадам бюджет шығыстарының ашықтығы мен тиімділігін арттырып қана қоймай, балабақшалардағы республикалық кезекті 2025 жылдан бері 9 есеге дерлік қысқартты. Нәтижесінде кезекте тұрған балалар саны 160 мыңнан 18 мыңға дейін азайды.
Соңғы үш жылда елімізде мектепке дейінгі ұйымдарда 223 мың жаңа орын ашылды, ал 2027 жылдың соңына дейін тағы 76,5 мың орын ашу жоспарлануда. Мектепке дейінгі білім беру үдерісінің сапасын қамтамасыз ету ісіне 104 мыңнан астам маман тартылған. Олар үшін ерте жастағы балаларды дамыту саласындағы қаманауи стандарттарға сәйкес тұрақты түрде біліктілікті арттыру жүйесі қалыптастырылған.
Балабақшалар желісін кеңейту, қаржыландырудың жаңа тәсілдерін енгізу және мұғалімдерге қолдау көрсету мектепке дейінгі білім беруді қолжетімді әрі сапалы етуге септігін тигізуде. Бұл өз кезегінде балаларды мектепке дайындаумен қатар олардың ерте жастан қауіпсіз, жан-жақты дамытушы және қамқор ортада тәрбиеленуіне мүмкіндік береді.
Өмірге келген алғашқы күннен бастап сапалы медицина
Үкіметтің балалар денсаулығына қатысты қабылдап жатқан шараларының нәтижесінде бала туғанға дейінгі патологиялардың алдын алуға және ерте анықтауға баса ден қойыла бастады. Соңғы бес жылда бұл секторды қаржыландыру 264-тен 585 млрд теңгеге дейін екі еседен астам өсті, бұл еліміздің барлық медициналық бюджетінің төрттен бір бөлігін құрайды. Балаларға медициналық көмек ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде тегін көрсетіледі.

Фетальды хирургияны, яғни туғанға дейінгі операцияларды енгізу және 4 мыңға жуық медбике тартылған патронаж жүйесін іске қосу Қазақстанға тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда нәресте өлімін 7,5 есеге, ал ана өлімін 6 есеге төмендетуге мүмкіндік берді.
Туғаннан кейін балалар неонатальды, аудиологиялық және офтальмологиялық скринингтерді, сондай-ақ даму барысын бағалауды қоса алғанда, міндетті тексеруден өтеді. Өңірлерде балалар ауруханалары жаңартылуда, перинаталдық орталықтар салынуда, мамандандырылған және жоғары технологиялық көмек ауқымы, оның ішінде онкогематологияда да кеңеюде.
Жасөспірімдердің денсаулығына деген көзқарас та өзгеруде: бүгінде әрбір мектеп МСАК ұйымдарына бекітілген, ал оқу орындарында аурулардың алдын алу, дене дамуын бақылау және саламатты әдеттерді қалыптастыру жұмыстарын жүргізетін медициналық пункттер жұмыс істейді.
Сондай-ақ 2025 жылдан бастап оқушылардың жас қажеттіліктерін ескеретін мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты енгізілді. Психикалық денсаулықты қолдау жүйесі де дамып келеді: балалар мен ата-аналар ақыл-кеңес және көмек алу үшін жастар денсаулығы орталықтары мен психикалық денсаулық орталықтарына жүгіне алады. Қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементі болып төтенше жағдайларда тәулік бойы қоңырау қабылдайтын, оның ішінде балалардан да, «112» бірыңғай нөмірі қала береді.
Жасөспірімдерге тигізетін зиянын азайту үшін электронды темекі мен вейп айналымы заңды түрде шектелді, сонымен қатар 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды.
Отбасыларды қолдау және әлеуметтік төлемдердің өсуі
Білім беру мен балалар денсаулығы саласын жаңғыртумен қатар әлеуметтік қолдау шаралары да күшейтілуде. Денсаулығына және білім алуына деген қамқорлық балалары бар отбасыларға жүйелі қолдау түрінде көрсетіледі, ол туылғаннан бастап кәмелетке толғанға дейін үздіксіз механизм ретінде жүзеге асырылады.
2026 жылы балалары бар отбасыларға жәрдемақы төлеуге 974 млрд теңге қарастырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19,1%-ға артық. Қаражат бала туылған кездегі біржолғы жәрдемақыларға, күтім бойынша жәрдемақыларға, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсетуге жұмсалады. Барлық жәрдемақылардың мөлшері жыл сайын индекстеледі: мысалы, төртінші және одан кейінгі балалар туылған кездегі жәрдемақылардың мөлшері 2026 жылы 272 мың теңгеден асты. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған әйелдерді қоса алғанда, көпбалалы аналардың мәртебесін нығайту үшін жеке шаралар кешені көзделген.
Сонымен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқоршылық жасау мен қолдау жүйесін реформалау отбасылық сипатта жүзеге асыруға ден қоя отырып жүргізілуде. Негізгі қадамдардың бірі – өмірлік қиын жағдайға тап болған баланың бірге тұруын және күтімін қамтамасыз ететін кәсіби асырап алушы отбасы институтының енгізілуі болды. Үміткерлер қатаң іріктеуден, психологиялық дайындықтан және міндетті оқытудан өтеді, бұл ретте балаларды күтіп-бағу және асырап алушы адамдардың еңбегі толықтай бюджеттен төленеді.
Бұған қосымша, 2025 жылдан бастап балалар үйінің тәрбиеленушілеріне бекітілетін тәлімгерлерді міндетті сертификаттау енгізілді. Тұрғын үй кепілдіктеріне де қатысты өзгерістер бар, мәселен, астанада және мегаполистерде жетімдерді есепке қою кезінде үш жылдық тұрғылықты тіркеуде болу талабы жойылды, ал тұратын жерін өзгерткен жағдайда олардың кезектегі бастапқы датасы сақталады. Қаржылық тетіктерге жеңілдікті ипотека, жалға алуды субсидиялау және «Мейірім» республикалық акциясы шеңберіндегі атаулы қолдау кіреді.
Жалпы алғанда, әлеуметтік төлемдердің дәйекті түрде кеңеюі отбасылардың беріктігін арттыруға, ата-аналарға жүктемені азайтуға және балаларды тәрбиелеу үшін неғұрлым сенімді жағдай жасауға ықпал етеді.
«Ұлттық қор – балаларға»: болашақ ұрпақтың қаржылық іргетасы
Ұзақмерзімді қолдау тетіктерінің бірі – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылы іске қосылған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Аталған жобаға сәйкес Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ы балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына 18 жасқа толғанға дейін аударалып отырады. Кәмелет жасына толғаннан кейін жинақталған соманы тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға жұмсауға болады.

Бағдарлама негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім көрсетуде. Алғашқы жылы оған 6,91 млн бала қатысып, олардың әрқайсысының шотына $100,52 көлемінде қаражат аударылды. 2025 жылы қатысушылар саны 6,92 млн балаға дейін артқан, ал жылдық төлем $129,38 мөлшеріне жетті. 2026 жылғы бөлу қорытындысы бойынша қаражат 6,91 млн балаға есептелді, бұл ретте жылдық төлем $130,71 құрады.
Бағдарлама іске қосылған сәттен бастап қатысып келе жатқан балалардың жинақтары инвестициялық кірісті қоса есептегенде жалпы $370,56-ға жетті.
Үш жыл ішінде бұл бастама аясында жалпы $2,3 млрд бөлінді, оның ішінде кәмелетке толған балалардың шоттарына $238,5 млн-нан астам қаражат аударылды.
Бүгінгі таңда 297 мыңнан астам өтінім мақұлданды: оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға – 187 мыңнан астам өтінім, жалпы сомасы $33 млн-нан астам; білім алуға – 110 мыңнан астам өтінім, жалпы сомасы $19 млн-нан астам.
Қауіпсіз балалық шақ: институционалдық бақылау және құқық қорғау
Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету мәселелері аса маңызды. Қазіргі таңда бұл бағыттар Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» жалпы қағидатымен үндестірілген.
Бұл бағыттағы негізгі басымдық ерте профилактикаға және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға берілген. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап елдің барлық мектептері мен колледждерінде нормативтік тәртіпте «ДосболLIKE» және KiVa антибуллинг бағдарламалары енгізілді, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық немесе қатыгез қарым-қатынас фактілеріне мемлекеттік органдардың бірыңғай әрекет ету алгоритмдері бекітілді. Өңірлік деңгейде барлық облыста мамандандырылған психологиялық қолдау орталықтары ашылып, жұмыс істеуде.
Сонымен қатар мемлекеттік бақылау айтарлықтай күшейтілді. Уәкілетті органдардың тексерістері енді міндетті түрде мектептегі тамақтану сапасын, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің толықтығын және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың құқықтарының сақталуын қамтиды.
2026 жылғы негізгі құқықтық өзгеріс – балалардың құқықтарын қорғау саласындағы бұзушылықтар үшін тікелей әкімшілік жауапкершіліктің енгізілуі болды. Енді буллинг фактілерін елемеу, асханалардағы тамақтандыруды ұйымдастырудағы кемшіліктер немесе тиісті профилактикалық жұмыстың жүргізілмеуі үшін оқу орындарының басшылығы мен жауапты тұлғалар заң алдында жеке жауапкершілікке тартылады.
Осы жұмысты жергілікті деңгейде үйлестіру үшін әкімдіктер құрылымында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармалар түріндегі жеке салалық ведомстволар құрылуда. Олар мектептер, қамқоршылық органдары, психологиялық қызметтер мен әлеуметтік мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды тікелей үйлестіреді.
Мамандардың жүктемесін азайтып, жұмыстың сапасын арттыру мақсатында алғаш рет заңнамалық деңгейде қамқоршылық органдары үшін қатаң кадрлық норматив бекітілді: 5 мың балаға кемінде бір инспектор қарастырылған.
Осылайша, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында көзделген кешенді тәсіл шашыраңқы қолдау шараларын бірыңғай, ашық әрі технологиялық экожүйеге айналдыруға мүмкіндік береді.
Инфрақұрылымды қаржыландыру, тікелей төлемдер, цифрлық ваучерлер және Ұлттық қордағы мақсатты шоттар – мұның барлығы елдің адами капиталына бағытталған ұзақмерзімді мемлекеттік инвестициялар. Үкімет өз тарапынан балаларды қорғау, қауіпсіз әрі дамытушы орта қалыптастыру мәселелерін ерекше бақылауда ұстап, табысты пилоттық жобаларды кезең-кезеңімен кеңейтуді және әрбір жас қазақстандық үшін институционалдық кепілдіктерді күшейтуді жалғастырады.
«Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында Жданов мектебінде Балаларды қорғау күніне арналған мереке өтті
Бүгін Жданов мектебінде «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған жарқын әрі көңілді мерекелік іс-шара өтті.
Балалар үшін қызықты ойындар, сайыстар, спорттық жарыстар мен шығармашылық тапсырмалар ұйымдастырылды. Қатысушылар барлық іс-шараларға белсене қатысып, өздерінің өнерлерін, тапқырлықтарын және ұйымшылдықтарын көрсетті.
Мереке балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, қуанышқа, шаттыққа және жарқын әсерлерге толы болды. Балалардың сыңғырлаған күлкісі мен қуанышты жүздері мерекенің басты сәніне айналды.
Балаларды қорғау күні – өскелең ұрпаққа қамқорлық жасаудың, олардың құқықтарын қорғаудың және бақытты балалық шақты қамтамасыз етудің маңыздылығын еске салатын ерекше мереке.
Іс-шара балалар үшін нағыз қуаныш мерекесіне айналып, олардың жадында ұмытылмас әсер қалдырды.
#Бақытты отбасы
Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған айлық аясында «Денсаулық – жақсылық бастауы» атты асфальтқа сурет салу байқауы өтті
Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған айлық аясында Жданов ауылдық округінде «Денсаулық – жақсылық бастауы» атты асфальтқа сурет салу байқауы ұйымдастырылды.
Іс-шараға қатысқан балалар асфальт бетіне түрлі-түсті және мазмұнды суреттер салып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Суреттерінде олар салауатты өмір салтын, спортты, достықты, отбасы құндылықтарын және бақытты балалық шақты бейнеледі. Балалар өз туындылары арқылы денсаулықтың адам өміріндегі ең басты құндылық екенін және зиянды әдеттерден аулақ болу қажеттігін жеткізді.
Байқау көтеріңкі көңіл-күй мен достық атмосферада өтті. Қатысушылар қиялдарын шыңдап, шығармашылық белсенділіктерін танытып, жағымды әсер алды. Осындай іс-шаралар балалар мен жасөспірімдердің денсаулыққа деген жауапкершілігін арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді.
Байқауға қатысқан барлық балалар белсенділігі мен шығармашылығы үшін марапатталды. Іс-шара балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, дені сау әрі жарқын болашаққа бастар маңызды қадамдардың бірі болды.
– Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын! Жас ұрпақтың құқығын қорғау, денсаулығын сақтау және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – жалпыұлттық мақсат және конституциялық міндет. Ауызбіршілігі мықты, тату-тәтті отбасы – бақытты балалық шақтың арқауы. Сондықтан отбасы құндылықтарын қорғау жаңа Конституцияның аса маңызды нормасының бірі ретінде айқындалды. Өскелең ұрпақтың жасампаздық рухы орасан зор. Олар білім мен спортта, өнерде мол табысқа жетуде. Менің бастамаммен қолға алынған «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында мемлекет тарапынан әрбір балаға қамқорлық жасалып жатыр. Биыл «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы іске асырыла бастады. Жас буынды қолдау әрдайым еліміздің, яғни Әділетті және Озық Қазақстанның басты назарында болады, – деп жазды Президент Instagram парақшасында.
Бүгінде Қазақстанда 7 млн-ға жуық бала бар. Бұл халық санының үштен бір бөлігін құрайды. Соңғы он жылда балалар саны шамамен 1,5 млн-ға өсті. Еліміз – балалар құқығын қорғауға бағытталған мақсатты ұлттық стратегиясы бар санаулы мемлекеттердің бірі. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес, 2026-2030 жж. арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданды. Құжаттың негізгі мақсаты – әр баланың білім алу, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қорғалу және отбасында тәрбиелену құқықтарын қамтамасыз ететін жүйелі әрі іргелі тәслдерін қалыптастыру. ҚР оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.
Оның айтуынша, осы саладағы қоданыстағы барлық шара мен бағдарлама бірыңғай стратегиялық негізге біріктірілді.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 18 жасқа толмаған балалардың дербес шоттарына ұлттық қордың 50% инвестициясы түсіріліп жатқаны мәлім. Мәселен, 2024 жылы әр балаға 100,52 АҚШ долларынан берілсе, 2026 жылы бұл сома 130,71 АҚШ долларына дейін өсті. 2026 жылы алушылар саны 6 918 656 болды. Сонымен қатар өскелең ұрпаққа сапалы білім алу үшін бөлінетін мемлекеттік грантқа қосымша қаражат жинауға мүмкіндік беретін «Келешек» ерікті жобасы іске асуда», – деді спикер.
Мектептерде 1 700 000 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 1-4 сынып оқушылары түгелдей және жеке санаттағы 5-11 сынып оқушылары бар. Мектепте тамақтандырудың жаңа стандарты жасақталды. Ол 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еліміздің барлық білім беру ұйымында қолданылуда. Рационды жаңарутмен қатар тамақтану қауіпсіздігі мен мектеп асханаларының санитариялық жағдайына бақылау күшейтіледі.
Білім беру саласындағы қолжетімділік пен теңдікті қамтамасыз ету үшін елімізде инклюзивтік саясат халықаралық конвенциялар талаптарына сәйкес дамуда. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында білім берудің барлық деңгейінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту үшін арнайы жағдайлар жасау жөніндегі мемлекеттік кепілдіктер регламенттелген. Бүгінде жалпы білім беретін мектептердің 90%-дан астамында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған.
Инклюзивті білім беруді дамытудың басым бағыттары Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрсетілген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысы өтті.
Мемлекет басшысы бүгінгі күннің символикалық мәніне назар аударды. Дәл осы күні, яғни, 2014 жылы 29 мамырда Қазақстан елордасында Еуразия экономикалық одағы туралы шартқа қол қойылған болатын.
– Бұл уақиға еуразиялық интеграцияның маңызды кезеңі ретінде есте қалды. Одақ құрылған сәттен бері еуразиялық «бестіктің» басты ынтымақтастық алаңына айналды. Осыған орай барша әріптесімді Еуразиялық экономикалық одақ күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бірлестік одан әрі дамып, елдеріміз бен халықтарымыздың игілігіне қызмет ете берсін! Бүгінгі шағын форматтағы кездесу барысында біз сыртқы саудаға, жасанды интеллектіні дамыту бастамаларына қатысты маңызды мәселелерді талқылаймыз. Бұл туралы мазмұнды әңгімеміз кеше экономикалық форум аясында басталды. Жиынымыз әдеттегідей конструктивті сипатта өтіп, өзара тиімді шешімдер қабылданатынына сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Кеңес отырысына Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Вице-премьері Мгер Григорян және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.