Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы респонденттердің барлық санатын қамтиды және ақпарат жинаудың толықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді. Барлығы 2 млн-ға жуық үй шаруашылығы мен 300 мың ауыл шаруашылығы өндірушілерін қамту жоспарда бар. Жалпы, санақ сауалнамаларына қандай сұрақтар енгізілгенін ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Спикер түсіндіргендей, санақ қызметкерлері барлық респондентті қамтуы керек.
«Біз азаматтарды санаққа саналы түрде қатысуға шақырамыз, өйткені бұл жай ғана статистикалық шара емес, әрқайсысына қатысты мемлекеттік маңызы бар іс», – деді Мақсат Тұрлыбаев.
Сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының басшысы сауалнамаларда қандай сұрақтар болатынын айтты.
«Заңды тұлғалар үшін жер және егіс алқаптарына, мал басына, ауыл шаруашылығы техникасына және инфрақұрылымға қолжетімділікке байланысты сұрақтар болады. Сондай-ақ респонденттерден олардың қызметінің сипаттамалары, еңбек ресурстары және ауыл шаруашылығы қызметінің басқа да аспектілері туралы сұрақтарға жауап беру керек болады. Үй шаруашылықтарында біз жер аумағы туралы сұраймыз, олар маусымдық немесе көпжылдық дақылдарды отырғызады ма, мал немесе құс бар ма, оларды жайылымға шығарады ма, малды ұстайды және т.б. Анағұрлым қысқартылған нұсқадағы сауалнама», – деді ол.
Мақсат Тұрлыбаев Ұлттық статистика бюросы алынған деректердің анонимділігіне және оларды қатаң статистикалық мақсаттарда пайдалануға кепілдік беретініне сендірді. Сандар респонденттің бастапқы деректерін ашпай-ақ жиынтық түрде өңделеді және жарияланады. Сонымен қатар Бюро деректер салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейтініне сендіреді.
«Сауалнама парағын толтыру кезінде респондент (ұйымдасқан шаруашылық) мемлекеттік деректер базасында, мысалы, малдың, техниканың, жер учаскесінің болуы және т.б. бойынша деректерді жаңарту үшін алынған деректерді ұсынуға келісім бере алады», – деп атап өтті Мақсат Тұрлыбаев.
Сондай-ақ спикер санаққа дайындық жұмыстары 1,5 жыл бұрын басталғанын айтты. Үкімет деңгейінде арнайы комиссия құрылды. Осы уақыт ішінде қажетті нормативтік-құқықтық актілер бекітіліп, жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдар жұмылдырылды. Латвия, АҚШ, Польша, Ресей, Өзбекстан, Ұлыбритания және Грузия сияқты елдердің, соның ішінде БҰҰ ФАО-ның статистикалық кеңселерімен консультациялық жұмыс кездесулері өткізілді. Былтыр елде пилоттық ауыл шаруашылығы санағы жүргізіліп, онда ақпараттық жүйелер, әдістеме және дала жұмыстарын жүргізудің ұйымдастырылуы тексерілді.
БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (БҰҰ ФАО) халықаралық ұсыныстарына сәйкес, ауыл шаруашылығы санағы әр 5-10 жыл сайын жүргізілуі керек. Бірақ Қазақстанда санақтың бұл түрі 2006-2007 жылдары ғана жүргізілді. Сол кезде ауыл шаруашылығы санағы екі кезеңде жүргізілді – өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы. 2025 жылы барлығы бір кезеңде өтеді.