Ыстық ауа райы, күн шуағы, жағажай — жазғы демалыстың классикалық көрінісі. Алайда, адамдар көп жиналатын, көңілді ортада бейқамдыққа да орын табылады.
Сондықтан Қостанайдың орталық жағажайында полиция қызметкерлері мен ТЖД мамандары кезекті бірлескен рейд жүргізді. Мақсат — қауіпсіздік мәселесін еске салу.
Рейд басталған алғашқы минуттардан-ақ жұмыс көп болатыны белгілі болды. Екі демалушы мас күйінде жағалаудың дәл жанында айқайлап, жанжал шығарды. Құқық қорғау қызметкерлері дереу әрекет етті: тәртіп бұзушылар ұсталып, арнайы айықтырғышқа жеткізілді.
Патрульдік полиция қызметкері Аханболат Мұхамбетуәлиевтің айтуынша, шомылу маусымы басталғалы Қостанай облысы жағажайларында осыған ұқсас 100-ге жуық оқиға тіркелген.
Балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Ювеналды полиция қызметкері ата-аналарға кәмелетке толмағандардың ересектердің қарауынсыз суға түсуіне жол беруге болмайтынын ескертті. Себебі тыныш көрінетін судың да қауіп-қатері болуы мүмкін.
— Біздің мақсатымыз — тексеру емес, алдын алу. Профилактика — өмір мен денсаулықты сақтаудың ең тиімді жолы, — деді ТЖД қызметкері Ернұр Базарбаев.
Аймақтағы жағажайларда рейдтер жаз бойы жалғасады. Ең бастысы — демалыс жақсы өтіп, алаңдаушылыққа себеп болмауы тиіс.
#законипорядок #заңментәртіп