Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, еліміздің рухани астанасы, түркі халықтарына ортақ қасиетті мекен саналатын Түркістан қаласына сапармен келгені үшін ризашылығын жеткізді.
– Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Газ саласында, сондай-ақ көлік-логистика бағытында стратегиялық маңызды жобалар бар. Біз бұл жұмыстарды бақылауда ұстаймыз. Өйткені оның нәтижесі қазақ-түрікмен экономикалық байланыстарын одан әрі өркендетуге ықпал етеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедовті Халықаралық бейбітшілік және сенім жылының басталуымен құттықтады. Оның айтуынша, БҰҰ қолдаған бұл бастама Түрікменстанның әлемдік деңгейдегі абырой-беделі жоғары екенін көрсетеді.
Халк Маслахатының Төрағасы Мемлекет басшысына киелі Түркістанда қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар Қазақстан Түрікменстанның ең негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі екенін жеткізді.
– Екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың перспективасы мол. БҰҰ аясында Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылын жариялау жөніндегі Түрікменстанның бастамасына қолдау білдіргеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін, – деді Гурбангулы Бердімұхамедов.
Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың барлық бағыты бойынша сан қырлы стратегиялық серіктестікті нығайту перспективасы талқыланды.
Өзара сауда-саттық көлемін 1 миллиард долларға жеткізу үшін байланыстарды дамытудың тың мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігі атап өтілді.
Мемлекет басшысы «Тургунди – Герат – Кандагар – Спин-Булдак» темір жол құрылысының жобасына назар аударып, аталған жоба табысты жүзеге асса, көлік бағыттарын әртараптандыруға, экспорт нарықтарын кеңейтуге жол ашатынын айтты. Сонымен қатар Солтүстік – Оңтүстік бағытындағы транзит әлеуетін арттыруда «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жол магистралы мен құрылысы жүріп жатқан «Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы» автокөлік жолы маңызды рөл атқарады.
Бұдан бөлек, кездесуде білім беру, цифрландыру салаларындағы өзара тиімді ықпалдастық мәселелері талқыланды. Қазақстан тарапы Түрікменстанға мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, сондай-ақ IT-мамандардың біліктілігін арттыру ісінде жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.