Қазіргі уақытта Президенттің су үнемдеу технологияларын қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында 2024 жылдан бастап шаруаларға су үнемдеу технологияларын енгізуге, суармалы судың тарифін субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсету бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Мәселен, фермерлер үшін инфрақұрылымды жүргізу кезінде ұңғымаларды бұрғылауға, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға жұмсалатын шығындарды өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Тариф құнына байланысты суаруға арналған субсидиялардың сараланған мөлшері енгізілді. ҚР су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров ОКҚ брифингінде осылай деп мәлімдеді.
Сонымен қатар лазерлік жоспарлаушы бойынша жабдықтың бір бірлігіне (200 га) ең төменгі норматив бойынша талап жойылды.
«Лазерлік жоспарлау судың бүкіл аумаққа біркелкі таралуына ықпал етеді, бұл су басуды да, құрғақ жерлерді де болдырмауға көмектеседі. Нәтижесінде суаруға қажетті су көлемі азаяды, бұл суармалы суды кемінде 30% - ға үнемдеуге мүмкіндік береді, бұл әсіресе оңтүстік аймақтарға қатысты. Бұл технология елдің күріш алқаптарында белсенді қолданылады. 2024 жылы лазерлік тегістеу жоспары 58,0 мың гектарға жүргізілді. Аталған шаралар 2024 жылы шамамен 158 мың га аумақта су үнемдеу технологияларын енгізуге мүмкіндік берді. Оның ішінде оңтүстік өңірлерге шамамен 130 мың гектарға енгізілді», – деді спикер.
Жыл басынан бері оңтүстік 5 өңірде су үнемдеу технологиялары енгізілген суармалы жерлердің ауданы 81,3 мың гектарды құрады. Жалпы, екі облыс бойынша да су шаруашылығы жағдайы Министрліктің тұрақты бақылауында. Сонымен қатар ведомство іске асыратын іс-шаралар кешені суды заңсыз пайдаланудың жолын кесу және су ұрлау фактілерінің алдын алу жөніндегі шараларды қамтиды. Осы мақсатта Министрлік жанынан өңірлерге жүйелі түрде баруды жүзеге асыратын, тексеру іс-шараларын жүргізетін, анықталған бұзушылықтарды тіркейтін және оларды жою жөніндегі шараларды бастайтын мамандандырылған мониторингтік топтар құрылды. Бұл топтардың негізгі міндеті – су ресурстарын бөлуде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етілуін бақылау және оларды рұқсатсыз алуға жол бермеу.
Ағымдағы жылдың басынан бастап 82 профилактикалық және жоспардан тыс тексеру жүргізілді, оның қорытындысы бойынша су заңнамасын бұзудың 141 фактісі анықталды. Нәтижесінде бұзушылықтарды жою туралы 69 ұйғарым берілді, сондай-ақ жалпы сомасы 24 млн теңгеге тең 254 әкімшілік айыппұл салынды. Олардың ішінде заңсыз су пайдалану деректері бойынша 13 тексеру жүргізіліп, 8,4 млн теңге көлемінде 71 әкімшілік айыппұл салынды. Жергілікті органдармен бірлесіп 1861 су пайдаланушы субъектіні қамтитын 125 түсіндіру іс-шарасы өткізілді. 385 құқық бұзушыны анықтау үшін құқық қорғау органдарына 327 хат жолданды. Өткізілген түсіндіру іс-шаралары мен бақылау-инспекциялық тексерулер нәтижесінде су пайдаланушылар арнайы су пайдалануға рұқсатты рәсімдеуге белсенді кірісе бастады. Биыл 445 рұқсат берілді.