Қазақстанда аграршылар үшін дизель отынына түсті және цифрлық бақылау енгізілді

Қазақстанда аграршылар үшін дизель отынына түсті және цифрлық бақылау енгізілді

Энергетика министрлігі көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда. Жеткізілімдер бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылып, тұрақты бақылауда, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Жыл басында Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері егіс науқанын өткізу үшін 402 мың тонна дизель отынын жеткізу кестесін бекітті. Жеткізілімдер ағымдағы жылдың 1 ақпаны мен 30 маусымы аралығында жүзеге асырылуда.
Энергетика министрлігі ұсынған дизель отынының бағасы өңірлердегі жеткізу станциясына дейін ҚҚС есебімен литріне 263 теңгені құрайды. Соңғы бағаны өңірлік операторлар белгілейді және ол литріне 281 теңгеге дейін жетуі мүмкін, бұл орташа бөлшек сауда бағасынан 49 теңгеге немесе 15%-ға төмен.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған дизель отынын бөлу мен оның қозғалысын бақылаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бұған дейін бірқатар қосымша шаралар енгізілген. Атап айтқанда, жеке PIN-кодтар белгіленді, отынды сары, көк және қызыл түстерге бояу жүйесі енгізілді, сондай-ақ электрондық шот-фактуралар жүйесінде дизель отынына арналған жеке виртуалды қойма құрылды.
Қабылданған шаралар дизель отынын мақсатсыз пайдалану көлемін азайтуға мүмкіндік берді. Мәселен, нақты тұтыну көлемі 729 мың тоннадан 602 мың тоннаға дейін қысқарып, 21%-ға төмендеді.
Энергетика министрлігі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстап отыр.