Жыл басынан бері жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 100 мыңнан астам адам қамтылды

Жыл басынан бері жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 100 мыңнан астам адам қамтылды

2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 101,3 мың адам қамтылып, 140,8 мың қазақстандық жұмысқа орналастырылды. Мемлекет халықты жұмыспен қамтуды арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және азаматтардың сұранысқа ие дағдыларды меңгеру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған кешенді шараларды іске асыруды жалғастыруда. Жұмыс өңірлік жұмыспен қамту карталарын, ұлттық жобаларды және халықты қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру аясында жүргізілуде, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Негізгі бағыттардың бірі – субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру болып қала береді. Бүгінгі таңда мұндай жұмыс орындарына 50,6 мың адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 37,6 мың адам қоғамдық жұмыстарға, 5,4 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 2,7 мың адам жастар практикасына, ал «Күміс жас» жобасы аясында 4,9 мың адам жұмысқа жіберілді.
Еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа дағдыларды меңгерту және азаматтардың біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылуда. Онлайн оқытумен 31,7 мың жұмыссыз азамат қамтылды, оның ішінде 25,1 мың адам курстарды аяқтап, тиісті сертификаттарға ие болды.
Сонымен қатар, халық арасында кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға бағытталған «Бастау Бизнес» жобасы жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері кәсіпкерлік негіздеріне 16,9 мың адам оқытылып, оның ішінде 7,3 мың адам оқуды аяқтап, сертификат алды.
Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кадрлар даярлау мақсатында 2 119 адам кәсіптік оқытуға жіберілді. Бұл шара өңірлік еңбек нарықтарының қажеттіліктерін ескере отырып, кәсіпорындарды қажетті мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мансап орталықтарында азаматтарды кәсіптік бағдарлау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау және консультациялық қызметтерді 142,8 мың адам алды, бұл азаматтардың мамандық таңдауда тиімді шешім қабылдауына және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Азаматтарды жұмысқа орналастыру бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады және міндетті зейнетақы жарналарының аударылуымен расталады.
Осылайша, 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 140,8 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде:
– халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары аясында – 50,6 мың адам;
– Жұмыс берушілер Электрондық еңбек биржасына орналастырған бос жұмыс орындарына – 48,3 мың адам;
– Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында – 40 мың адам;
– орталық мемлекеттік органдар іске асыратын жобалар аясында – 1,9 мың адам.
Сонымен қатар, халықтың кәсіпкерлік белсенділігін қолдау мақсатында 2026 жылы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде немесе 1 730 000 теңге көлемінде 9 мың мемлекеттік грант беру көзделген.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру еліміздің барлық өңірлерінде жалғасуда және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға, азаматтардың табысын арттыруға әрі адами капиталды дамытуға бағытталған