Өңдеу өнеркәсібі секторының өсімі төрт ай ішінде 9,9%-ға дейін жеделдеді.

Өңдеу өнеркәсібі секторының өсімі төрт ай ішінде 9,9%-ға дейін жеделдеді.

Экономиканың өсу қарқыны қатарынан төртінші ай жеделдеуде. Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, 2026 жылғы қаңтар–сәуір айларында Қазақстанның ЖІӨ өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6%-ды құрады. Бірінші тоқсан қорытындысымен салыстырғанда экономикалық өсім динамикасы айтарлықтай жақсарды (2026 жылғы қаңтар–наурызда ЖІӨ өсімі – 3%), деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігі.
Төрт айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісі оң аймаққа шықты – нақты көлем индексі 102,1%-ды құрады, ал бірінші тоқсан қорытындысында 99,9%-ға дейін төмендеу тіркелген болатын.
Өнеркәсіптің қалпына келуінің негізгі факторы өңдеу секторының жеделдеуі болды, мұнда өндіріс көлемі қаңтар–наурыздағы 8,5%-бен салыстырғанда 9,9%-ға артты.
Машина жасауда жоғары өсу қарқыны сақталуда (23,3%-ға өсу), бұл көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасын, электр тауарлары мен жабдықтарды өндіру көлемінің артуымен байланысты.
Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіруде елеулі өсім байқалды – 2,3 есеге, жиһаз өндірісі – 41,7%-ға, фармацевтикалық өнімдер – 35,2%-ға, құрылыс материалдары – 27,7%-ға, химия өнеркәсібі – 18,4%-ға, азық-түлік өнімдері – 14,4%-ға өсті.
Тау-кен өндіру өнеркәсібінде төмендеу сақталуда (92,7%), алайда оның деңгейі бірінші тоқсанмен салыстырғанда (88,6%) едәуір қысқарды. Бұл өндірістің біртіндеп қалпына келуін және мұнай секторының жалпы экономикалық динамикаға теріс әсерінің азайғанын көрсетеді.
Жалпы алғанда, жылдың алғашқы төрт айындағы экономиканың оң динамикасы базалық салалардағы тұрақты өсіммен қамтамасыз етілді. Ең жоғары өсу қарқыны келесі салаларда тіркелді:
* құрылыс – 114,5%;
* көлік және қоймалау – 112%;
* өңдеу өнеркәсібі – 109,9%;
* сауда – 105,1%;
* ауыл шаруашылығы – 103,6%.
Осылайша, ЖІӨ нақты өсімінің қазіргі құрылымы шикізаттық емес секторлардың, атап айтқанда құрылыс, көлік, сауда және өңдеу өнеркәсібінің рөлінің күшеюімен сипатталады.