Қостанай облысындағы цифрлық кәсіпорындардың үлесі 34%-ға өсті

Қостанай облысындағы цифрлық кәсіпорындардың үлесі 34%-ға өсті

Қостанай облысында IT-шешімдерді енгізетін өнеркәсіп объектілерінің саны соңғы екі жылда екі есеге жуық өсті. Егер 2022 жылы технологияны кәсіпорындардың 17,8%-ы пайдаланса, бүгінде бұл көрсеткіш 34%-ға жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында аймақ әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді.

Өсім жоғары технологиялық өндірістерді іске қосу есебінен қамтамасыз етілген. Мысалы, KIA жаңа зауыты 68 өнеркәсіптік роботпен жабдықталған (автоматтандыру деңгейі – 60%), ал KamLitKZ кәсіпорындарында тиімділікті 15%-ға арттыратын ЖИ және машиналық көру жүйелері енгізілген.

«Заманауи өндірістер жаңа форматтағы мамандарды талап етеді. Осыған байланысты ЖОО базасында әлемнің жетекші университеттерімен қос дипломды білім беру бағдарламалары ашылды. «Ақпараттық технологиялар» мамандығына басымдық беріліп отыр, соған сәйкес Жасанды интеллект кафедрасы ашылды»,
— деп атап өтті облыс әкімі.

Жалпы, биылғы 10 айдың ішінде өңірдің өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 2 трлн теңгені құрады, бұл ретте машина жасауда өсім 22,6%-ға жетті.