2022 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Былтыр ауқымды құрылыс жұмысы басталды. Бүгінге дейін 105 мектеп салынды. Биыл тағы 112 мектептің құрылысы аяқталып, іске қосылады. Яғни «Жайлы мектеп» жобасы аясында екі жылда 460 мың оқушы орнына арналған 217 заманауи мектеп салынуда. Бұл туралы ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Оның айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасы – қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған стратегиялық бастама. Жобаның мақсаты – еліміздің барлық өңірінде кез келген балаға қолжетімді жаңа форматтағы білім беру ұйымдарын құру. Министр осы мектептердің ең басты бірнеше ерекшеліктеріне тоқталып өтті.
«Ұлттық жоба балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, заман талабына сай жағдайда сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жайлы мектептердің жартысына жуығы ауылдық елді мекендерде салынуда. Осылайша, 200 мыңнан астам ауыл баласын заман талабына сай жайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету жоспарланған. Жайлы мектептердің басты артықшылығы – онда оқушыларға қолайлы, эргономикалық білім беру кеңістігінің жасалуы. Бұл мектептердің көлемі типтік жобаларға қарағанда 15-20%-ға үлкен, ал техникалық жарақтануы жағынан 4 есеге артық», – деді спикер.
Мектептерде робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтары, 4 спорт залы бар, заманауи пәндік кабинеттер, алғашқы әскери дайындық үшін арнайы ашық алаңдар қарастырылған. Барлық мектеп заманауи жиһаздармен және оқу құрал-жабдықтарымен жабдықталып, әрбір оқу кабинеті үшін қажетті техникалық құралдар жиынтығы қамтамасыз етілген. Бұның барлығы ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың білім сапасын көтеруге мүмкіндік береді.
Ұлттық жоба аясында салынған мектептерде қауіпсіздік жүйелері күшейтілген. Мектептер заманауи бейнебақылау және ғимаратқа кіріп-шыққандарды қадағалау жүйелерімен қамтамасыз етілген. Бастауыш және жоғары сыныптар бөлек-бөлек блоктарда оқиды. Мұның барлығы баланың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына бағытталған.
Айта кетерлігі, Ұлттық жоба аясында жергілікті өндірісті қолдауға ерекше басымдық берілді. Бұл бағытта мектеп құрылысына қажетті материалдар, мектеп жиһаздары тек отандық тауар өндірушілерден сатып алынуда.