Халықтың иммунопрофилактика мәселелері бойынша хабардарлығын арттыру шаралары қолға алынбақ

Халықтың иммунопрофилактика мәселелері бойынша хабардарлығын арттыру шаралары қолға алынбақ

Қазақстандағы иммундау бағдарламасы 21 инфекцияға қарсы вакциналауды қамтиды. Жыл сайын республика бойынша 4 млн астам адам егіледі. Вакциналарды сатып алуға шамамен 38 млрд теңге бөлінеді. Иммундау арқылы инфекциялар мен олардан болатын өлімді азайту үшін көп нәрсе жасалды. Мысалы, 1996 жылдан бастап полиомиелит, 2009 жылдан бастап дифтерия жағдайлары тіркелмеген. Соңғы 34 жылда Ұлттық иммундау саясатының арқасында эпидпаротит, А вирустық гепатиті, В вирустық гепатиті, қызамықпен сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалды. Бұл жайында ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде айтты.

Соңғы 2-3 жылда, көптеген елдердегідей, Қазақстанда да қызылша мен көкжөтел бойынша эпидемиологиялық қолайсыздық байқалады. Бұл ретте, жағдайлардың басым көпшілігі жоспарлы екпе алмаған балаларға тиесілі (қызылша бойынша науқастардың 75%-дан астамы және көкжөтел бойынша 87%-ы егілмегендер).

«Республикада қызылша, көкжөтел жағдайларының өсуі инфекцияның алдын алуда иммундаудың маңыздылығын көрсетеді. Иммунизацияның қол жеткізілген жетістіктерімен қатар, көптеген адамдар жоғарыда аталған инфекциялардың қаншалықты ауыр екенін ұмытып, вакцинациядан бас тарта бастады. Елімізде бас тартушылардың саны жыл сайын артып келеді, тек ағымдағы жылдың 1 тоқсанында 7 мыңға жуық ата-ана балаларын вакцинациялаудан бас тартты, бұл қызылша мен көкжөтел бойынша ағымдағы жағдайға әсер етеді», – деді спикер.

Осы орайда халықтың иммунопрофилактика мәселелері бойынша хабардарлығын арттыру маңызды. ЕИА-ның шеңберінде елімізде дөңгелек үстелдер, брифингтер, журналистермен, блогерлермен және медиа кеңістігіндегі дәрігерлермен кездесулер, медицина қызметкерлеріне арналған конференциялар өткізіліп, иммундаудың маңызы туралы көрнекі материалдарды дайындап, тарату жоспарда бар.

Сондай-ақ вакциналар мен вакцинациялар туралы сенімді деректер орналастырылған egu.kz сайты және 7701 сенім телефонының нөмірі туралы ақпаратты тарату бойынша да жұмыстар ұйымдастырылып жатыр.