Қостанай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі тапсырысымен Қостанай облысы психологтар ассоциациясы жүзеге асырып жатқан «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында Тобыл қаласындағы Маяковский көшесінде Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу құрметіне ағаш отырғызу акциясы өтті.
Бұл көшеде өмір сүрген Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің құрметіне мұнда жеті пирамида тәрізді терек отырғызылды. Акцияның бастамашысы — 70 жастағы зейнеткер, соғыс ардагері Магауи Жақұповтың ұлы Байбатыр ЖАҚҰПОВ. Ол соғыс ардагерлерінің өмірбаяны жазылған арнайы стенд дайындады.
Ардагерлердің бірі — Иван Черниковтың қызы, 78 жастағы Александра Ивановна ДЕРЕВЯНКО бұл бастаманы қолдап, майдангерлердің есімін мәңгі есте қалдыру идеясын қолдады.
Патриоттық акцияға аға буын өкілдері, Ардагерлер кеңесі мен ақсақалдар, ауған соғысының ардагерлері, Жастар ресурстық орталығы мен Қостанай ауылшаруашылық колледжінің студенттері қатысты.
Ауған соғысының ардагері Александр Пикин бұл игі бастаманы жалғастырып, Алтынсары ауылындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған обелиск маңында да теректер отырғызуды ұсынды.