Биыл мемлекетімізде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аталып өтілмек, еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні болып белгіленді.
Атаулы мерекенің мақсаты Қазақстан халқы Ассамблеясының жалпыұлттық бірлікті, тұрақтылықты, этносаралық қатынастардың үйлесімділігін сақтауға, мәдениетаралық диалог пен қоғамдық келісім негізінде Қазақстан халқын біріктіруге бағытталған мақсат-міндеттерімен үндеседі.
Қазақстан халқының бірлігі мерекесін қарсы ала отырып, біз қазақстандық модель жетістігінің негізгі факторы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық қабілеті, салиқалы саясаты мен ерік-жігері болғанын ешқашан ұмытпауымыз керек.
2013 жылдың сәуірінде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясында Елбасы: «Ассамблея – тұтастай Қазақстан халқы! Барлық он жеті миллион!», ал Ассамблея тарихы – ел тарихы, халық тарихы», - деп Ассамблеяның рөлін айрықша атап көрсетті.
Ассамблея Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі барлық этникалық топтардың тілдері мен мәдениетін дамытуға жағдай жасады. Қазіргі таңда этномәдени бірлестіктердің белсенді жұмысының арқасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі артуда, қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналатынына сеніміміз мол.
Облысымызда жүзден астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде, этномәдени бірлестіктердің көшбасшылары Ассамблеяның халық бірлігі мен этносаралық келісімді, қайырымдылықты дамытуға бағытталған мақсат-міндеттерін іске асыруда аянып қалмайды.
Достық, өзара түсіністік пен келісім коронавирус індетімен күресу барысында ерекше маңызға ие болды. Мемлекеттік қолдау шараларының, медицина саласы қызметкерлерінің азаматтық және кәсіби ерліктерінің, ұстаздар мен ата-аналар қауымының, мәдениет және өнер қайраткерлерінің ерен еңбегінің арқасында біз өзара моральдық қолдаудың куәгеріне айналдық. Қайырымдылық акциялар мен еріктілердің игі істері жаңа мәнге ие болуда.
Құрметті жерлестер!
Мемлекеттің қуаты - халықта, халықтың қуаты - бірлікте, өзара түсіністік пен қолдауда!
Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы әрбір шаңыраққа бақ-береке тілейді, Отанымыз өркендей берсін!
Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы