Бүгін Қостанай ауданына Қостанай облысы әкімдігінің ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Совхозбайұлы Кашиев келді. Азамат Совхозбайұлы жұмыс сапары аясында аудандық мұрағатта болып қайтты. Қызметкерлермен және жауапты тұлғалармен биылғы жылы жоспарланған ғимаратты жөндеу мәселесін талқылады.
Сондай-ақ, Тобыл қаласының әкімдігінде болды, онда мемлекеттік қызметтер көрсету, консультация беру, азаматтарды қабылдау, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарастыру және өңдеу үшін халық пен мемлекеттік органдар арасында диалог алаңын ашу жоспарлануда. Осы тақырып тілге тиек етіліп, егжей-тегжейлі ортаға салынды.
Азамат Кашиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегияны, "100 нақты қадам" Ұлт Жоспарында көрініс тапқан, Елбасы тапсырмаларын, транспарентті және есеп беретін мемлекетті қалыптастыру бөлігінде, сондай-ақ мемлекеттік органдардың халық үшін ашықтығы мен қолжетімділігі қағидасы бойынша "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асырудың маңыздылығына аса назар аударды.