
Екі адамның жарты ғасырға жуық уақыт бойы өмір жолын бірге жүріп өтуіне не көмектеседі? Мұның жауабын психологтардан сұрап немесе кітаптан іздегеннен гөрі, ондаған жыл бойы бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан жандармен әңгімелескен дұрыс шығар.
Тобыл қаласындағы Балалар музыка мектебінде Абрек Садыкович пен Фарида Азизжановна Туленовтермен өткен кездесу өте жылы әрі шынайы болды.
Туленовтер отбасы 49 жылдан бері бірге. Олар екі бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде төрт немеренің қызығын көріп отыр. Екеуінің де артында үлкен еңбек жолы бар. Абрек Садыковичтің еңбек өтілі — 47 жыл. Оның еңбек жолының елеулі бөлігі азаматтық авиациямен және Қостанай әуежайымен байланысты. Фарида Азизжановнаның еңбек өтілі — 43 жыл, ол ұзақ жылдар бойы Қостанай ауданының білім беру саласында еңбек етті.
Алайда кездесуде әңгіме ең алдымен марапаттар мен қызметтер туралы емес, бір-біріне деген сыйластықты қалай сақтауға, қиын кезеңдерді бірге еңсеруге, отбасылық дәстүрлерді қалыптастыруға және балалары мен немерелеріне қандай құндылықтарды жеткізуге болатыны туралы өрбіді. Жас қатысушылар ерлі-зайыптыларға өз сұрақтарын қойып, отбасы деген ұғымды әдемі сөзбен емес, 49 жылдық ортақ өмірімен дәлелдеп келе жатқан жандардың ақыл-кеңесін тыңдады.
Кездесу отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді нығайтуға бағытталған жоба аясында өтті. Жобаны «Қостанай облысы психологтарының қауымдастығы» ҚҚ «Қостанай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі» ММ тапсырысы бойынша жүзеге асыруда.