
Бүгін Қостанай ауданында этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған жоба аясында Александровка және Мичурино ауылдарының тұрғындарымен ақпараттық-түсіндіру кездесулері өтті.
Кездесулердің спикері — облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Руслан Мурзагалиев. Ашық диалог барысында қатысушылар қоғамдық келісімді сақтау, түрлі этнос өкілдері мен діни конфессияларға құрметпен қарау, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қараудың маңыздылығы туралы пікір алмасты.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатына ерекше назар аударылды. Руслан Мурзагалиев профилактикалық жұмыстың негізгі бағыттарын түсіндіріп, заң талаптарын сақтаудың маңыздылығы және азаматтарды заңмен тыйым салынған ұйымдардың қызметіне тартуға жол берілмейтінін атап өтті.
Сонымен қатар қатысушыларға деструктивті және заңмен тыйым салынған діни ұйымдарға тән негізгі белгілер түсіндіріліп, интернет пен әлеуметтік желілер арқылы радикалды идеологияның таралуынан туындайтын ықтимал қауіптер айтылды. Тұрғындарға ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау, оның дереккөздерін тексеру, манипуляциялар мен арандатушылықтарға берілмеу қажеттігі ескертілді.
Мұндай кездесулер ауылдық елді мекендер үшін аса маңызды. Өйткені олар тұрғындарға ашық пікір алмасу барысында нақты әрі сенімді ақпарат алуға, маманға сұрақ қоюға және қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауға қатысты өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.
Этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту — мемлекет пен әрбір азаматқа ортақ міндет. Ашық диалог, өзара құрмет, құқықтық сауаттылық және таратылатын ақпаратқа жауапкершілікпен қарау Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңызды шарттары болып табылады.
Іс-шараларды «Қостанай облысының психологтар қауымдастығы» қоғамдық қоры Қостанай ауданы әкімдігінің «Ішкі саясат бөлімі» ММ тапсырысы бойынша ұйымдастырды.