
Тобыл қаласында Халықаралық отбасы күніне арналған «Бірге және мәңгі» атты кездесу өтті. Іс-шара Балалар шығармашылық үйінде ұйымдастырылып, оған педагогтар, оқушылар, аудан тұрғындары және отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді нығайтуға бағытталған жобаның ұйымдастырушылары қатысты.
Іс-шара Қостанай облысы психологтар қауымдастығының ұйымдастыруымен, «Қостанай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі» ММ тапсырысы аясында өткізілді.
Кездесудің басты кейіпкерлері — 46 жыл бойы тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан Шаловтар отбасы: Сабыржан Сұлтанғазыұлы мен Гүл Байғарықызы болды. Олар үш бала тәрбиелеп өсірген, бүгінде жеті немеренің және бір шөберенің қуанышын көріп отырған ардақты ата-әже. Олардың өмір жолы — сүйіспеншілік пен өзара құрметтің, отбасы құндылықтарына адалдықтың жарқын үлгісі.
Кеш жылы әрі шынайы атмосферада өтті. Қонақтар естеліктерімен бөлісіп, отбасылық дәстүрлер, бала тәрбиесі және ұзақ ғұмыр кешудің сыры жайында әңгімелесті. Іс-шараға Гүл Байғарықызының анасы Күләй Серғалиқызы мен немересі Олжас Сарсенбаев та қатысты.
Сабыржан Сұлтанғазыұлы Меңдіқара ауданында механизаторлар отбасында дүниеге келген. Ол жастайынан еңбекке және үлкенді құрметтеуге тәрбиеленген. Ал Гүл Байғарықызы Федоров ауданынан шыққан. Ол бүкіл ғұмырын педагогика саласына арнап, балабақша тәрбиешісінен қосымша білім беру педагогына дейінгі еңбек жолынан өткен.
Оқушылардың ерекше қызығушылығын Гүл Байғарықызы мен оның шәкірттерінің қолынан шыққан сәндік-қолданбалы өнер туындылары тудырды. Балалар жұмыстарды қызыға тамашалап, ерлі-зайыптыларға отбасылық өмір мен бала тәрбиесіне қатысты көптеген сұрақтар қойды.
— Отбасындағы ең бастысы — бір-біріңді құрметтеу, қарым-қатынасты бағалау және ешқашан бейжай қарамау. Қуанышты да, қиын сәттерде де бір-біріңе тірек бола білу керек, — деп бөлісті Шаловтар отбасы.
Бұл шынайы сөздер жас ұрпақ үшін маңызды өмірлік сабаққа айналды. Осындай кездесулер арқылы балалар мен жастар сүйіспеншілікке, сенімге және өзара қолдауға негізделген берік отбасылардың үлгісін көреді.
Кештің ерекше әсерлі сәттерінің бірі — ерлі-зайыптылардың немересі Олжас Сарсенбаевтың музыкалық өнер көрсетуі болды. Оның шығармашылық сыйы көрермендердің жүрегіне жылы әсер қалдырып, отбасылық дәстүр сабақтастығының символына айналды.
Кездесу соңында Гүл Байғарықызы ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, мұндай шаралардың жастар үшін маңыздылығын атап өтті.
— Жастар мықты отбасылардың үлгісін көріп, шынайы бақыттың мәні — туған жандардың жанында болуы, қолдау мен өзара сыйластық екенін түсінуі өте маңызды, — деді ол.
Балалар шығармашылық үйінің жетекшісі Клара Исмагулованың айтуынша, мұндай іс-шаралар рухани және отбасылық құндылықтарды сақтауға, жас ұрпақты үлкендерді құрметтеуге, мейірімділік пен жауапкершілікке тәрбиелеуге ықпал етеді.
Бұл күні залда ерекше мейірім мен шынайылыққа толы атмосфера орнады. Кездесу тағы бір мәрте отбасының адам өміріндегі басты тірек, махаббат пен қолдаудың, өмірлік күш-қуаттың қайнар көзі екенін еске салды.