2025 жылдың 1 тамызынан 20 қазанына дейін Қазақстанда екінші Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткізіледі. Бұл маңызды статистикалық іс-шара БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) ұсынымы бойынша әр он жылда бір рет өткізілуі тиіс және бүкіл елді қамтиды. Алғашқы санақ 2006–2007 жылдары жүргізілген болатын. Ауыл шаруашылығы санағы дегеніміз не?
Бұл – аграрлық сектордың құрылымы, ресурстары мен жай-күйі туралы өзекті және шынайы деректерді алуға бағытталған ауқымды статистикалық бақылау. Санақ деректері тиімді мемлекеттік саясатты жүргізу, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажет.
2025 жылғы 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін санақтың екінші кезеңі – үй-жайларды аралау жүргізіледі. Бұл кезеңде интервьюерлер жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын азаматтардың үйлерін аралайды. Яғни, мал немесе құс өсіретін, бақша егетін азаматтар санаққа қатысады. Үй шаруашылықтарынан жер көлемі, маусымдық немесе көпжылдық дақылдар егу, мал мен құс басының болуы, олардың жайылымға шығуы, қайда ұстайтыны және тағы басқа туралы сұралады.
Біз барлық азаматтарды санаққа саналы түрде қатысуға шақырамыз. Бұл жай ғана статистикалық шара емес, әрбір азаматқа қатысы бар мемлекеттік маңызы бар іс.
Ауыл шаруашылығы санағына қатысыңыз!
Сіздің даусыңыз ауылдың, фермерлердің және тұтас елдің болашағы үшін маңызды.
Барлық деректер құпия сақталады және тек статистикалық мақсатта пайдаланылады. Барлық сұрақтар бойынша 1446 байланыс орталығына немесе sanaq.gov.kz сайтына хабарласуға болады.