Мемлекет жас мамандарға жол ашуда: жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқыған, GPA көрсеткіші жоғары (3,33-тен бастап) түлектер конкурссыз мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Ең бастысы – оқу аяқталғаннан кейін бір жылды өткізіп алмау.
Мүмкіндіктер кең: аудандық әкімдіктерден бастап орталық органдардың аумақтық бөлімшелеріндегі қызметтерге дейін (облыс әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа).
Қостанай облысы ел бойынша үздік нәтижелердің бірін көрсетуде: үш жыл ішінде 48 түлек конкурссыз тағайындау арқылы мемлекеттік органдарда мансабын бастады.
Ауылдық жерді таңдағандар үшін мемлекет арнайы қолдау шараларын ұсынады – «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 100 АЕК көтерме ақы және 2 500 АЕК-ке дейін тұрғын үй несиесі. 2025 жылы бұл мүмкіндікті 7 жас маман пайдаланды.
Бүгінгі күні Қостанай облысында мемлекеттік қызмет бойынша 383 бос жұмыс орны ашық. Оның үштен екісінен астамы – жергілікті атқарушы органдарда, ал 170-тен астам орын төменгі буын мамандарына арналған, яғни университет түлектері үміткер бола алады.
Қызығушылық танытқан түлектерге келесі бағыттарда бос орындар ұсынылған: ауылдық деңгейде жұмыс істеу үшін ауыл және ауылдық округ әкімдері аппараттарында 74 бас маман; аудандық басқару жүйесінде өзін жүзеге асыру үшін қала және аудан әкімдіктері аппараттарында 27 бас маман; аудан әкімдігі бөлімдерінде кешенді басқарушылық міндеттерді орындау үшін 70 бас маман; жетекші маман – 4 орын (оның ішінде ауыл және ауылдық округ әкімдері аппаратында 3, аудан әкімі аппараты бөлімінде 1).
Әрбір бос орынға қойылатын білім талаптары нақты белгіленген. Әсіресе мына бағыттар бойынша түлектерге көп ұсыныстар бар: бизнес, басқару және құқық; инженерлік-құрылыс мамандықтары; педагогика; ауыл шаруашылығы; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар.
Бос орындар саны бойынша Денисов, Меңдіқара және Жітіқара аудандары көш бастап тұр. Жалпы алғанда, аймақтың 19 ауданында және қаласында бос жұмыс орындары бар – бұл жас мамандар үшін мамандығы бойынша жұмыс табудың үлкен мүмкіндігі.
2025 жылы Қостанай облысының ЖОО-ларында гранттық бағыттар бойынша 429 маман GPA көрсеткіші кемінде 3,33 баллмен бітірді, олардың басым бөлігі педагогика, инженерия және жаратылыстану ғылымдары саласында. Бұл түлектер сұранысқа ие бос орындардың бейініне сәйкес келеді және өңірдің табысты дамуы үшін мемлекеттік қызметке шақырылады.
Департамент барлық қалаушыларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Біз Қостанай қ., Қасымханов к-сі, 34 үй, 507-кабинет мекенжайында орналасқанбыз. Барлық сұрақтар бойынша 39-35-56 телефонына хабарласуға болады, сондай-ақ ресми әлеуметтік желідегі парақшаларға: elgeqyzmet_qostanai және электрондық үкіметтің ресми платформалары арқылы жолығуға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар, барлық өңірлік кадрлық қызметтер үміткерлерге көмек пен кеңес береді.
Салықбаев Ерлан – Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы.