Оның айтуынша, апталық барысындағы шараларды жүзеге асыру мақсатында өңірлерде әр күнге арнайы бейінді мамандар тарапынан спикерлер тізімі жасақталып, бекітілген.
«Денсаулық сақтау министрлігі халықтың, жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын нығайту мақсатында бірталай іс-шара іске асырып отыр. Атап айтқанда, ауылдық деңгейдегі қыз балаларды гинекологиялық әртүрлі патологиялық жағдайларды дер кезінде анықтау үшін ауылдық жерлерде балалар гинекологысының болуын қамтамасыз етіп жатыр. Анықталған патологиясы болған жағдайда қыз балалардың репродуктивті денсаулығын қалыптастыру, сауықтыру мақсатында облыстық, республикалық медициналық мекемелерге жолдау маршруты бекітілді. 2026 жылға дейінгі балалар гинекологиясын жетілдірудің Жол картасы әзірленді», – деді спикер.
Жасөспірімдер мен жастар арасында отбасының маңыздылығы мен репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша сауаттылығын арттыру мақсатында елімізде 103 Жастар денсаулық орталығы (ЖДО) жұмыс істейді. Мұнда 10-18 жас аралығындағы кәмелетке толмағандарға және 18-29 жас аралығындағы жастарға медициналық, емдеу-профилактикалық көмек көрсетеді. 2024 жылдың есебі бойынша ЖДО-на 780 мыңнан астам жастар көмекке жүгінген. Олардың 84%-ы – қала жастары. Сол себепті облыс пен аудан деңгейінде де осындай орталықтар ашу жұмысы жүргізіліп жатыр.
Айта кетерлігі, кешенді шаралар нәтижесінде соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасындағы жүктілік 43%-ға төмендеп, 1000 жасөспірім қызға шаққандағы көрсеткіш 4,25 болды. Сондай-ақ осы жастағы жасөспірімдер арасында туу және жасанды түсік жасау көрсеткіші айтарлықтай төмендеді.