
2026 жылғы 3 шілдеде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің базасында ҚР ҰҒА Өңірлік форсайт орталығының ашылуы өтті және Қостанай облысының мемлекеттік органдарының, ғылым, бизнес және өнеркәсіп өкілдерін біріктірген форсайт-сессия ұйымдастырылды.
Құттықтау сөзін сөйлегендер: Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ ректоры Қуанышбаев Сейтбек Бекенұлы, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қоңқабаев Назарбек Нағашбайұлы және ҚР Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА вице-президенті Шевченко Елена Валериевна.
Елена Шевченко өз сөзінде Өңірлік форсайт орталығы елдің ғылыми-технологиялық дамуын басқарудың жаңа жүйесінің негізгі құралдарының біріне айналатынын атап өтті. Оның басты міндеті – өңірдің технологиялық мәселелерін анықтау, бизнес пен өндірістің ғылымға деген сұранысын қалыптастыру және нақты экономикалық нәтижеге қол жеткізуге бағытталған жобаларды әзірлеуді сүйемелдеу.
Форсайт-сессия барысында қатысушылар тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарының технологиялық міндеттерін, агроөнеркәсіптік кешен үшін заманауи шешімдерді және өңір экономикасының өсу драйверлеріне айналуға қабілетті басқа да бағыттарды талқылады.
Бағдарламаның практикалық бөлігінде ғылыми-техникалық тапсырмаларды қалыптастыру, жергілікті бюджеттен ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурстарын ұйымдастыру мәселелері бойынша оқыту семинары, сондай-ақ ҚӨУ зертханалары мен технопаркіне экскурсия өткізілді.
Қостанайдағы Өңірлік форсайт орталығы ғылым, бизнес және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы үшін тұрақты алаңға айналып, ғылыми идеялардың сұранысқа ие технологиялар мен практикалық шешімдерге айналуын қамтамасыз етеді, бұл өңірдің орнықты дамуына және отандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.