Қазақстанда «Nauryz Sale» мерекелік акциясы басталады

Қазақстанда «Nauryz Sale» мерекелік акциясы басталады

Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстанда 13–23 наурыз аралығында ауқымды республикалық «Nauryz Sale» акциясы басталады. Бастама отандық өндірушілерді қолдауға, ішкі сауданы ынталандыруға және ел тұрғындары мен қонақтары үшін бірыңғай мерекелік атмосфера қалыптастыруға бағытталған.

Акция кезеңінде сауда субъектілері халыққа азық-түлік және азық-түлік емес тауар топтарына 10–70 пайыз аралығында мерекелік жеңілдіктер ұсынады. Акциялық тауарлар сауда залдарында арнайы мерекелік навигация және «Nauryz» фирмалық безендіруі арқылы белгіленеді. Атап айтқанда, тақырыптық баға белгілері, брендтелген көрсеткіштер, баннерлер және басқа да POS-материалдар орналастырылып, сатып алушыларға ассортиментте оңай бағдарланып, жеңілдікпен ұсынылған тауарларды жылдам табуға мүмкіндік береді.

«Nauryz Sale» акциясына Қостанай облысының fумағында «Астықжан», «Солнечный», «SMALL», «Mister Apelsin», «Меркурий», «Zetro» сауда желілері, сондай-ақ «ЦУМ», «MART», «Kostanay Plaza», «Қазақ-француз орталығы» Сауда желілері, сауда ойын-сауық орталықтары және сауда орталықтары қатысады.

Акция аясында отандық өндірушілерді қолдауға ерекше назар аударылады. Сауда орталықтарында қазақстандық өндірушілердің өнімдері ұсынылатын арнайы сату аймақтары ұйымдастырылып, онда тауарлар нарықтағы бағадан орта есеппен 10–20 пайызға төмен бағамен сатылатын болады.

Бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанның сауда субъектілері арасында «Sauda in Digital Nauryz» республикалық конкурсының өткізілетінін жариялаған болатын. Конкурс 2026 жылғы 13–20 наурыз аралығында өтеді және сауда нысандарын мерекелік безендіруде заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ инновациялық сервистерді дамытуға бағытталған.

Қатысушылар өз жобаларын төрт номинация бойынша ұсына алады: «Үздік цифрлық безендіру», «Үздік цифрлық құттықтау», «Жасанды интеллектті үздік пайдалану» және «Ең креативті Digital-жоба». Қатысу үшін Instagram әлеуметтік желісінде #saudadigitalnauryz хештегімен бейнеролик жариялап, Сауда және интеграция министрлігінің ресми парақшасын белгілеу қажет.

Жеңімпаздарды креатив, жасанды интеллект технологияларын қолдану, ұлттық бірегейлік, аудиторияның белсенділігі және жобаның орындалу сапасы критерийлері бойынша сараптамалық комиссия анықтайды. Конкурс қорытындысы 2026 жылғы 20 наурызда шығарылып, жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі өтеді.

Ескерту: республикалық акцияға бастаманы қолдап, әлеуметтік жауапкершілік танытқан сауда субъектілері қатысады. Қазақстан Республикасының өңірлері бойынша акцияға қатысушылардың тізімі қоса беріледі.