Әйелдер әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға көмектеседі

Әйелдер әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға көмектеседі

2021 жылдан бастап әлеуметтік кәсіпкерлік қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған бизнес бағыты ретінде белсенді дамып келеді.
Бүгінгі таңда Министрлік Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне Қостанай облысының 78 өкілін енгізді, олардың жартысынан көбі әйелдер. Бұл негізінен білім беру, медициналық және әлеуметтік қызмет көрсететін кәсіпкерлер.
Кәсіпкер әйелдер әлеуметтік жауапкершіліктің жоғары деңгейін көрсетеді және облыстың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады.
Мысалы, Динара Шадрина облыстың Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі кіші комитет төрағасының орынбасары болып табылады, сондай-ақ экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарау идеясын белсенді түрде насихаттайды.
Динара Куджулова – Қостанай ауданының іскер әйелдер кеңесінің төрағасы, облыстың Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының мүшесі, сондай-ақ облыстық қамқоршылық кеңесінің мүшесі. Ол халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерін белсенді түрде жұмысқа орналастырады, олардың әлеуметтік бейімделуіне және экономикалық тәуелсіздігіне ықпал етеді.
Елена Венгерская – Қостанай облысының іскер әйелдер кеңесінің төрағасы, сондай-ақ «Атамекен» ӨКП өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі. Бұдан басқа, ол «Жастар орталығы» ҚБ төрайымы және «Білім әлемі» жеке білім беру ұйымдарының қауымдастығы» ЖКжЗТҰ президенті болып табылады.
Ирина Садвакасова «Sun vita» медициналық орталығының және Қарттар мен мүгедектерге күтім жасау жөніндегі геронтологиялық орталықтың негізін қалаушы бола отырып, зейнеткерлерді қолдаумен айналысады.
Жалпы, әйелдердің әлеуметтік кәсіпкерлікке қатысуы өңірдің әлеуметтік міндеттерін шешуге елеулі үлес қосады, инклюзивті экономиканы дамытуға, жұмыс орындарын құруға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.