Ағымдағы жылғы 22 мамырда «KazakhExport» Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ қатысуымен экспорттаушыларға арналған оқыту семинары өтті.
Қостанай облысының экспорттаушыларына арналған оқыту семинарын қазақстандық кәсіпорындардың экспорттық қызметін сақтандыруды қамтамасыз ететін ұлттық компания «Қазақстанның экспорттық – кредиттік агенттігі» АҚ өкілдері өткізді.
Іс-шара өңір кәсіпкерлерінің шикізаттық емес экспортты мемлекеттік қолдау шаралары, қаржылық және сақтандыру сүйемелдеу құралдары, сондай-ақ шетелдік нарықтарға шығу мүмкіндіктері туралы хабардар болуын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Семинар барысында KazakhExport өкілдері экспорттық сақтандыру, шетелдік серіктестердің төлемдерінен сақтандыру сияқты қолжетімді қаржы құралдары, сондай-ақ басқа да тетіктер туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Семинарға қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтар қоюға, жеке кейстерді талқылауға және одан әрі өзара іс-қимыл жасау үшін KazakhExport өкілдерімен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алды.
Кездесу барысында көлік-логистикалық инфрақұрылым мәселелеріне ерекше назар аударылды. «Қостанай» халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы А.К. Бекбосынов экспорттық өнімді өңдеуге және әкетуге бағытталған жаңа терминал ашу жоспары туралы ақпаратпен бөлісті. Жаңа терминалдың іске қосылуы логистиканың тиімділігін едәуір арттырады және өңірдің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтеді деп күтілуде.
Сонымен қатар, кездесу шеңберінде «Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы» басшысының орынбасары Т.А. Саламатов ағымдағы жылғы 1 маусымнан бастап Президенттік жастар кадрлық резервіне жаңа іріктеудің басталуы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қатысушыларға үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар, резервке енгізілген мамандар үшін ашылатын негізгі бағыттар мен мүмкіндіктер түсіндірілді.