
Қарабалық аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тіс емханаларында ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу мәселесінің өзектілігіне назар аударады. Ауыз қуысына жасалатын медициналық араласулардың ерекшелігі пациенттер үшін инфекциялық қауіптің жоғары болуымен сипатталады.
Тіс емханаларында ауруханаішілік инфекциялар әртүрлі микроорганизмдерден туындауы мүмкін, олардың ішінде коккты флора басым. Қоздырғыштардың жарақатталған тіндерге түсуі альвеолит, периостит, остеомиелит, абсцесс сияқты қабыну асқынуларының дамуына әкелуі ықтимал. Сонымен қатар парентералды гепатиттерді жұқтыру қаупі де сақталады. Инфекция эндогендік және экзогендік жолмен таралуы мүмкін, бұл ретте ауыз қуысы мен мұрын-жұтқыншақ микрофлорасының белсенденуі маңызды рөл атқарады. Зерттеулер Staphylococcus aureus тасымалдаушыларының, соның ішінде бірнеше антибактериялық препараттарға төзімді штаммдардың бар екенін көрсетеді.
Тіс емханалары мен жақ-бет хирургиясы бөлімшелерінде инфекцияның негізгі таралу жолдары — медициналық персоналдың қолдары мен қолданылатын құралдар арқылы болатын жанаспалы жол, сондай-ақ стоматологиялық қондырғыларды пайдалану кезінде пайда болатын аэрозольдерге байланысты ауа-тамшылы жол.
Ауруханаішілік және айқаспалы инфекциялардың алдын алу үшін тіс емханаларында санитариялық-гигиеналық талаптарды, эпидемияға қарсы және дезинфекциялық-стерилизациялық режимдерді қатаң сақтау, медициналық қызметкерлерді жұмысқа жіберу тәртібін орындау және жеке гигиена қағидаларын бұлжытпай ұстану қажет.