Нипах вирусы: негізгі мәліметтер және сақтық шаралары

Нипах вирусы: негізгі мәліметтер және сақтық шаралары

Қарабалық аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы халықты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) назар аударып отырған Нипах вирусы туралы хабардар етеді. Бұл – жануарлардан адамға, сондай-ақ тағам арқылы және адамдар арасында жұғуы мүмкін зооноздық инфекция.

Нипах вирусы алғаш рет 1999 жылы Малайзияда анықталған. Ауру адамға жануарлардан, залалданған тағам өнімдері арқылы, сондай-ақ науқаспен тығыз қарым-қатынас кезінде жұғуы мүмкін. Вирустың табиғи тасымалдаушылары — жеміспен қоректенетін жарқанаттар, яғни ұшқыш түлкілер.

Аурудың жұғу қаупі негізінен Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде тіркеледі. Бангладеш пен Үндістанда орын алған сырқаттану жағдайларында инфекция көзі ретінде жарқанаттардың сілекейі немесе зәрімен ластанған жемістер мен сусындар көрсетілген.

Инкубациялық кезең орта есеппен 4–14 күнді құрайды, сирек жағдайларда 45 күнге дейін созылуы мүмкін. Ауру, әдетте, дене қызуының көтерілуі, бас пен бұлшық еттердің ауыруы, әлсіздік, құсу, тамақтың ауыруы сияқты белгілермен басталады. Кей жағдайларда жүйке жүйесі зақымдалып, ауыр асқынулар дамуы ықтимал.

Қазіргі таңда Нипах вирусына қарсы арнайы вакцина немесе тіркелген дәрілік препараттар жоқ. Алдын алу шаралары санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау, тағам өнімдерін қауіпсіз тұтыну және ықтимал инфекция көздерімен байланыстан сақтануға негізделеді.

Басқарма тұрғындарды сабыр сақтауға, ақпаратты ресми дереккөздерден алуға, жеке гигиена қағидаларын ұстануға және денсаулық жағдайы нашарлаған кезде медициналық көмекке жүгінуге шақырады.