Сүт өнімдерінен уланудың алдын алу: қарапайым ережелер – сенімді қорғаныс

Сүт өнімдерінен уланудың алдын алу: қарапайым ережелер – сенімді қорғаныс

Сүт пен сүт өнімдері күнделікті ас мәзірінің маңызды бөлігі болғанымен, тез бұзылатын тағам түріне жатады. Оларды дұрыс сақтамау немесе тұтыну талаптарын сақтамау тағамдық улануға әкелуі мүмкін. Себебі сүтті орта бактериялардың, соның ішінде сальмонелла, ішек таяқшасы мен листериялардың көбеюіне қолайлы. Қарапайым сақтық шараларын сақтау улану қаупін азайтып, денсаулықты қорғауға мүмкіндік береді.

Тағамдық улану көбіне жарамдылық мерзімі өткен, термиялық өңдеуден өтпеген шикі сүттен дайындалған немесе тиісті температурада сақталмаған өнімдерді тұтыну салдарынан туындайды. Мұндай өнімдерде адам денсаулығына қауіпті микроорганизмдер болуы мүмкін.

Сүт өнімдерін таңдағанда оларды тек ресми сауда орындарынан сатып алып, пастерленген өнімдерге басымдық берген жөн. Қаптаманың бүтіндігіне, дайындалған күні мен жарамдылық мерзіміне мұқият назар аудару қажет. Бақылаусыз сатылатын, қолдан-қолға таралатын немесе бейберекет сауда орындарындағы сүт пен сүзбені тұтынудан бас тарту ұсынылады.

Сүт өнімдерін тоңазытқышта +2-ден +6 °C-қа дейінгі температурада сақтау керек, бөлме температурасында ұзақ қалдырмау маңызды. Қаптама ашылғаннан кейін өнімді ұсынылған мерзім ішінде тұтынған жөн. Сүт өнімдерін шикі ет пен балықтан бөлек сақтау, иісі, дәмі немесе құрылымы өзгерген өнімдерді пайдаланбау қажет. Шикі сүтті ішер алдында міндетті түрде қайнату керек. Балаларға, егде жастағы адамдарға және жүкті әйелдерге тек пастерленген сүт өнімдерін тұтыну ұсынылады. Тамақ ішер алдында қолды жуу, таза ыдыс-аяқ пайдалану және тоңазытқыштың тазалығы мен температуралық режимін сақтау да аса маңызды.

Егер тағамдық улану белгілері — жүрек айну, іштің ауыруы, іш өту, дене қызуының көтерілуі немесе әлсіздік байқалса, әсіресе балада орын алса, дереу дәрігерге жүгіну қажет.

Сүт өнімдерін дұрыс таңдау, сақтау және тұтыну ережелерін сақтау тағамдық уланудың алдын алудың тиімді жолы болып табылады. Өз тағамына ұқыпты қарау — бүкіл отбасының денсаулығын сақтаудың маңызды шарты.