
Қызылша — жұқпалылығы аса жоғары, қоғамдық денсаулыққа елеулі қауіп төндіретін вирустық инфекциялық аурулардың бірі. Ауру ауа-тамшылы жолмен жұғып, егілмеген тұрғындар арасында жылдам таралуымен ерекшеленеді, соның салдарынан індет ошақтары пайда болып, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.
Қызылшаға шалдығу қаупі әсіресе балалар, жүкті әйелдер және иммундық жүйесі әлсіреген адамдар үшін жоғары. Ауру дене қызуының көтерілуімен, жалпы уыттанумен, тыныс алу жолдарының зақымдалуымен және тән бөртпенің пайда болуымен сипатталады. Асқынуларының қатарында өкпенің қабынуы, құлақ аурулары, энцефалит және өзге де ауыр зардаптар бар.
Қызылшаның алдын алудың ең тиімді әрі сенімді жолы — вакцинация. Ұлттық профилактикалық екпе күнтізбесіне сәйкес жүргізілетін жоспарлы иммундау тұрақты иммунитет қалыптастырып, аурудың даму қаупін едәуір төмендетеді. Вакцинация жеке адамды ғана емес, бүкіл қоғамды қорғап, инфекцияның кең таралуына жол бермейді.
Қызылшаның алдын алу мақсатында халықтың вакцинация мен ревакцинациядан уақтылы өтуі, санитариялық-алдын алу шараларын сақтау, сондай-ақ аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінуі аса маңызды. Иммундаудың денсаулық пен өмірді сақтаудағы рөлі туралы халықтың хабардарлығын арттыру да ерекше мәнге ие.
Қызылшаның алдын алу — мемлекет, медицина саласы және әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Уақтылы вакцинация эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудің және халық денсаулығын қорғаудың басты шарты болып қала береді.