«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы және ауылдық елдімекендерді абаттандыру аясында аудан аумағында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бағдарламасының жүзеге асырылуы қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізуде.
Былтырғы жылы ауданда 5000 ағаш көшеттері және 2500 гүл отырғылса, биыл аудан орталығында 300, ауылдық округтерде 6000 жуық көшет егілді. Ауылшаруашылығы тауарын өнірушілер де аталған игі бастамаға өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, Новотроицк ауылдық округінде «Новотроицк-1» ЖШС жастар саябағын абаттандырып, шырша, пирамидалды бәйтерек егіп, ауыл көркіне серпін беріп келеді.
Наука ауылындағы «Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС 53 га аумақты қамтитын жеміс бағын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруда. Былтыр 3415 түп таңқурай, 500 түп қарақат, 225 түп шабдалы, 1150 түп құлпынай және 1000 түп жүзім егіп, тұралап қалған бақшаға жаңа дем берді.
Сонымен қатар Белоглин және Михайлов ауылдық округтерінде көпжылдық 150 га астам жерге жайылым шөптері себілді.
Ауданда экологиялық мәдениетке жастарды тарту бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бағдарлама аясында аудандық жастар ресурсы орталығы еріктілері жүйелі түрде «»Бұлақ көрсең, көзін аш», «Таза жағалау» акцияларына қатысады.
Сәуірде жалпықазақстандық ағаш отырғызу акциясы аясында және ҰОС 80 жылдығы қарсаңында ардагерлер және тыл еңбеккерлері жастармен кездесу өткізіп, саябақтарда шырша егу науқанына қатысты.
Мемлекет басшысы жариялаған бастама реттік науқанға айналмай, идеологиялық маңызы зор бағдарламаға ұласуда. Елдімекендерді абаттандыру, көгалдандыру және экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында жүйелі жұмыс жалғасын табатын болады.