Бағдат Мусин халықтың мемлекетпен байланысу процесін жетілдіруді ұсынды

Бағдат Мусин халықтың мемлекетпен байланысу процесін жетілдіруді ұсынды

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қостанай облысына барды. Басты мақсат – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асу барысымен танысу.

Сапар кезінде Қостанайдың №1 Халыққа қызмет көрсету бөліміне барған министр ХҚО-ларда эпидемияға қарсы шаралардың қатаң сақталуына назар аударды: тек алдын ала брондау бойынша бару, «Ashyq» жүйесі арқылы әрбір келушінің мәртебесін міндетті түрде растау, әлеуметтік қашықтықты сақтау және міндетті түрде антисептик құралдарының болуы.

«ХҚО-ға келетіндердің көпшілігі өз-өзіне қызмет көрсету секторына барады, - деп атап өтті Бағдат Мусин, – сондағы әрбір үстелге антисептик құтыларын қоюды ұсынамын. Бұл бүкіл секторға қойылатын үлкен дезинфекциялық құралға қарағанда әлдеқайда ыңғайлы болады. Адам компьютерде жұмыс істеді делік, келесі адам келді – ол қолы мен пернетақтаны антисептикпен өңдеп, жұмыс істей бастайды. Бұл да қорғаныш шарасы».

Сондай-ақ Бағдат Мусин қазіргі уақытта Қостанайдың Халыққа қызмет көрсету жөніндегі бірінші бөлімі көптеген азаматқа қызмет көрсететінін және қызмет көрсету сапасын жақсарту, кезектің туындауына жол бермеу үшін ХҚО үшін жаңа ғимарат табуды ұсынды.

Бұдан басқа, министр азаматтардың электрондық өтініштерін қабылдау және мемлекеттік органдарға жіберу алгоритмімен танысып, өтінішті жіберу мүмкіндігін жеке тексерді.

«Жаңа Әкімшілік кодекске сәйкес, азамат 15 күн ішінде өтінішке жауап алатынын білеміз. Мен Қостанай әкімдігіне өтініш жібере отырып, жүйені жетілдіруді қажет ететін кейбір тұстарды анықтадым. Егер азамат портал арқылы хабарлама жіберген болса, онда жауап жеке кабинетке түседі. Ал әкімдік немесе ХҚО арқылы жолданған өтінішке жауап алу үшін сонда қайта бар керек. Бұл ыңғайсыз. Ұялы телефон арқылы жауапқа қол жеткізу мүмкіндігін қарастыру керек. Біз өтінішті жіберген кезде нөмірімізді көрсетеміз. Бұл ыңғайлы, себебі біреу, мысалы, мен сияқты, қостанайлық ХҚО-да өтініш жасады, ал 15 күннен кейін басқа қалаға кетті. SMS-хабарлама арқылы жаңа функцияны енгізу кезінде біз қандай да бір мемлекеттік органда өтініштің қаралу кезеңін ғана емес, кейін де сол жауапқа қол жеткізетін боламыз".

Естеріңізге сала кетейік, 1 шілдеде Қазақстанда e-Otinish электрондық жүйесі енгізілді (өтініштердің қаралуын бақылайтын жүйе). E-Otinish электрондық өтініштер жүйесінің бас операторы – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, жүйені әзірлеуші – BTS Didgital. Өтініштерді бірнеше тәсілмен беруге болады: egov.kz электрондық үкімет порталы, мемлекеттік органдар, әкімдіктер және ХҚО арқылы. ХҚО-ларда бұл үшін өтініштерді қабылдайтын арнайы пункттер құрылған. 1 шілдеден бастап Қостанай облысының ХҚО-лары арқылы 5 өтініш келіп түсті.