
Жаңа жыл – бәрімізге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын, әрқайсымыз ерекше қарсы алатын шаттыққа толы мереке. Жаңа жыл қарсаңында өткенді ой елегіне салып, алдағы күндерден айрықша үміт күтеміз. Күнтізбелік жыл қорытындысын жасап, келесі жылға мақсаттарымызды айқындаймыз.
Биыл жұдырықтай жұмылып, берекелі бірлік пен тынымсыз еңбектің арқасында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуіне нақты қадамдар жасалды. Ауданымыздың түрлі саладағы жетістіктері келесі жылы да жалғасын табатынына сенім мол. Себебі халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін ауқымды жұмыстар, инфрақұрылымдық жобалар, берекелі бастамалар жоспарланды.
Қадірлі жерлестер! Халқымыздың өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп деген нақылын ұстанып, үкілеген үмітпен жаңа жылды жақсылыққа толы бастамалармен қарсы алуларыңызға шын тілекшімін. Жылқы жылы жарқын оқиғаларға, жақсы жаңалықтарға толы болып, үйлеріңізге молшылық пен бақ-береке әкелсін. Ел іргесі бүтін, бірлігіміз бекем болып, көрікті өлкеміз көркейе берсін! Жаңа Жыл құтты болсын!
Қарабалық ауданының әкімі Р.Халықов