Маусымдық балалар сауықтыру лагерьлерін орналастыруға және күтіп-ұстауға қойылатын талаптар

Маусымдық балалар сауықтыру лагерьлерін орналастыруға және күтіп-ұстауға қойылатын талаптар

Маусымдық балалар сауықтыру лагерлерін орналастыру және күтіп-ұстау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 10 тамыздағы № ҚР ДСМ-78 бұйрығымен бекітілген "Балалардың сауықтыру және санаторий объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларының (Санитариялық қағидалар) талаптарына сәйкес келуге тиіс.

Лагерьлер кәсіпорындардың, құрылыстардың және өзге де объектілердің санитариялық-қорғау аймақтарынан, санитариялық жарылыстардан, гараждардан, автотұрақтардан, автомагистральдардан, теміржол көлігі объектілерінен, әуе көлігінің ұшып көтерілу және қону маршруттарынан тыс орналасуы тиіс.

Лагерьлерді апатты ғимараттар мен үй-жайларда орналастыруға тыйым салынады.

Лагерьлердің аумағын қоршауы бүлінбеуі тиіс, лагерьлердің аумағында және үй-жайларында олармен функционалдық байланысты емес объектілерді орналастыруға жол берілмейді.

Бір жатын бөлмедегі орындардың саны бір балаға 4 шаршы метр есебінен көзделеді.

 Жазғы сауықтыру маусымы ашылғанға дейін лагерьлерде ұйымдастырылып, өткізілуі керек:

- аумақты қоқыстан тазарту және абаттандыру,

- үйлерді жөндеу жұмыстары (оның ішінде жөндеу-қалпына келтіру және профилактикалық іс-шаралар);

- инженерлік желілердің, желдету және ауа баптау жүйелерінің жұмыс істеу тиімділігін тексеру (желдету жүйелерін тексеру актісінің болуымен);

- ауыз суды зерттей отырып, сумен жабдықтау құрылыстары мен желілерін профилактикалық жуу және дезинфекциялау (мамандандырылған ұйымдардың сумен жабдықтау жүйелерін жуу актісімен);

- профилактикалық дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шараларды жүргізу (орындалған жұмыстар туралы актілердің болуы).

Лагерьлердің үй-жайларын ішкі әрлеу үшін жуу және дезинфекциялау құралдарына төзімді, олардың сәйкестігін бағалау (растау) туралы құжаттары бар, олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын улы емес құрылыс материалдары пайдаланылуы тиіс.

Объектілерде пайдаланылатын жиһаз, жұмсақ және қатты мүкәммал, жабдық (медициналық жабдықтар мен аспаптарды, сауықтыру қызметтерін көрсетуге арналған жабдықты, қоғамдық тамақтандыру объектілері мен ас блоктары үшін технологиялық, жылу жабдығын қоса алғанда), санитариялық-техникалық аспаптар (оның ішінде унитаздар, қолжуғыштар, ванналар, душ, душ тұғырлары) жарамды күйде және мақсатына сай қолданылады. 

Сатып алынған және пайдаланылатын өнімдер (оның ішінде ыдыс-аяқ, жұмсақ мүкәммал (сүлгілерді, төсек-орындарды қоса алғанда), қатты мүкәммал, жиһаз, жабдық, ойыншықтар, парфюмерлік-косметикалық өнімдер (тіс пасталарын қоса алғанда, адамның терісіне және шашына тікелей жағуға арналған өнімдер (сабынды, кремді қоса алғанда), жеке қорғану құралдары, жуу құралдары, тұрмыстық химия өнімдері (тауарлары), жеке гигиена құралдары) таңбалау, оның қадағалануын қамтамасыз ететін тауарға ілеспе құжаттама болған кезде ғана пайдаланылуға тиіс, өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын растайтын сәйкестікті бағалау (растау) туралы құжаттар (сәйкестік туралы декларация, мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, сәйкестік туралы сертификат, ерекшеліктер).

Сауықтыру науқаны басталғанға дейін және әр ауысым аяқталғаннан кейін техникалық персонал жалпы тазалау жұмыстарын жүргізеді. Үй-жайларды ағымдағы жинау күн сайын дымқыл тәсілмен жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, кейіннен желдете отырып жүргізіледі.

Лагерьлердің барлық үй-жайлары, объектілері, құрылыстары мен жабдықтары таза ұсталуы тиіс.