Салауатты жұмыс орны – бұл жұмыс берушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздікті қамтамасыз ету, денсаулықты сақтау, әл-ауқатты жақсарту және еңбекке қабілеттілікті арттыру мақсатында бірлесіп әрекет ететін еңбек ортасы. Қолайлы және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау еңбек өнімділігін арттырудың, сырқаттанушылық деңгейін төмендетудің және қызметкерлердің өмір сүру сапасын жақсартудың маңызды факторы болып табылады.
Қазіргі таңда адам өмірінің едәуір бөлігін жұмыс орнында өткізеді. Сондықтан өндірістік ортаның жағдайы қызметкерлердің физикалық және психикалық денсаулығына тікелей әсер етеді. Қауіпсіз еңбек жағдайлары, қолайлы психологиялық ахуал және санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталуы денсаулықты нығайтып, еңбек тиімділігін арттыруға.
Салауатты жұмыс орнының негізгі құрамдас бөліктері мыналар болып табылады:
Еңбек қауіпсіздігі.
Жұмыс беруші зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың әсерін болдырмайтын немесе барынша азайтатын еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті. Жұмыс орындары еңбекті қорғау талаптарына сәйкес болуы, ал қызметкерлер жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіліп, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқамалардан өтуі тиіс.
Қолайлы өндірістік орта.
Жұмыс орындарында жарықтандыруға, микроклиматқа, желдетуге, шу деңгейіне, ауаның сапасына және сумен жабдықтауға қойылатын санитариялық-гигиеналық талаптар сақталуы қажет. Үй-жайлардың тазалығы мен санитариялық режимнің сақталуы аурулардың алдын алудың маңызды шарттарының бірі болып табылады.
Қызметкерлердің дене саулығын сақтау.
Міндетті профилактикалық медициналық тексерулерді ұйымдастыру, вакцинациялау, еңбек және демалыс режимін тиімді ұйымдастыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау аурушаңдық деңгейін төмендетуге және қызметкерлердің денсаулығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Психологиялық әл-ауқат.
Ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуал қалыптастырудың маңызы зор. Қызметкерлер арасындағы өзара сыйластық, кемсітушілікке жол бермеу, жанжалдардың, моббингтің және психологиялық қысымның болмауы күйзеліс деңгейін төмендетіп, кәсіби күйіп кетудің алдын алады.
Денсаулық мәдениетін қалыптастыру.
Кәсіпорындарда дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, зиянды әдеттерден бас тарту, жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың алдын алу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылады.
Салауатты жұмыс орнын қалыптастыру қызметкерлерге де, жұмыс берушілерге де пайда әкеледі. Қызметкерлер үшін бұл – денсаулықты сақтау, еңбекке қабілеттілікті арттыру және өмір сапасын жақсарту. Ал жұмыс берушілер үшін еңбекке уақытша жарамсыздық жағдайларының азаюы, кадр тұрақтылығының артуы, еңбек өнімділігінің жоғарылауы және ұйым беделінің нығаюы болып табылады.
Салауатты жұмыс орнын қалыптастыруда санитариялық-эпидемиологиялық іс-шаралардың рөлі ерекше. Санитариялық заңнама талаптарын сақтау, дезинфекциялық іс-шараларды уақтылы жүргізу, үй-жайлардың санитариялық жағдайын бақылау және қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету қажет.
Қорытындылай келе, салауатты жұмыс орны – бұл заңнама талаптарын орындау ғана емес, сонымен қатар ұйымның тұрақты дамуының маңызды шарты. Жұмыс беруші мен қызметкерлердің бірлескен күш-жігері арқылы ғана денсаулықты сақтауға, еңбек тиімділігін арттыруға және қолайлы жұмыс ортасын қалыптастыруға болады.
Назарларыңызға рахмет!