Абайлаңыз – Күйдіргі!

Абайлаңыз – Күйдіргі!

Күйдіргі – адам мен жануарларға ортақ, Bacillus anthracis бактериясы қоздыратын аса қауіпті жұқпалы ауру. Ауру ауыр түрде өтіп, адамның денсаулығына елеулі зиян келтіруі, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.

Күйдіргі қоздырғышының сыртқы орта факторларына өте төзімді споралар түзу қабілеті бар. Бұл споралар топырақта ондаған жылдар бойы сақталып, аурудың жаңа жағдайларының пайда болу қаупін тудырады.

Инфекция көзі ауыл шаруашылығы және жабайы жануарлар болып табылады: ірі қара және ұсақ мал, жылқылар, түйелер және басқа да жануарлар. Адам көбінесе ауру жануарларды күту кезінде, мал сою барысында, ұшаларды бөлшектеу кезінде, жануар тектес шикізатты өңдеу кезінде немесе ветеринариялық-санитариялық бақылаудан өтпеген етті тұтыну нәтижесінде жұқтырады.

Инфекцияның берілу жолдары бірнеше түрге бөлінеді:

  • жанасу жолы – ауру жануарлармен немесе залалданған шикізатпен жанасқан кезде терідегі жарақаттар арқылы;
  • тағам арқылы – залалданған жануар тектес өнімдерді тұтыну кезінде;
  • ауа-шаң арқылы – қоздырғыш споралары бар шаңды жұту кезінде.

Аурудың ең жиі кездесетін түрі – терілік күйдіргі. Инфекция енген жерде алдымен қышитын дақ пайда болып, кейін көпіршікке, одан әрі ортасында қара қабыршағы бар жараға айналады. Аурудың «күйдіргі» деп аталуы да осы белгілерге байланысты.

Аурудың ауыр түрлерінде дене қызуының көтерілуі, жалпы әлсіздік, қалтырау, бас ауруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, ішкі ағзалардың зақымдануы және сепсис дамуы мүмкін.

Күйдіргінің алдын алу ветеринариялық, санитариялық-эпидемиологиялық және профилактикалық іс-шаралардың кешенін қамтиды.

Негізгі профилактикалық шаралар:

  • қолайсыз және қауіп төнген аумақтарда ауыл шаруашылығы жануарларын міндетті түрде вакцинациялау;
  • жануарларға тұрақты ветеринариялық тексеру жүргізу;
  • ет және ет өнімдерін тек қауіпсіздігін растайтын құжаттары бар ресми сауда орындарынан сатып алу;
  • ветеринариялық мамандардың рұқсатынсыз мәжбүрлі мал союға жол бермеу;
  • жануарларды күту кезінде жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау;
  • жануарлармен және жануар тектес шикізатпен жұмыс істегенде жеке қорғаныш құралдарын пайдалану;
  • күмәнді белгілер пайда болған жағдайда дер кезінде медициналық көмекке жүгіну.

Шығу тегі белгісіз ет пен ет өнімдерін сатуға және сатып алуға жол бермеу қажет. Рұқсат етілмеген сауда орындарынан алынған өнімдер халық денсаулығына үлкен қауіп төндіруі мүмкін.

Жануарлардың кенеттен қырылуы анықталған жағдайда олардың өлекселерін өз бетінше ашуға немесе етін тағамға пайдалануға қатаң тыйым салынады. Бұл туралы дереу ветеринариялық қызметке хабарлау қажет.

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет күйдіргінің алдын алудың ең тиімді жолы – профилактика шараларын сақтау, ветеринариялық талаптарды орындау және санитариялық нормаларды қатаң ұстану екенін еске салады.

Өз денсаулығыңызды және жақындарыңыздың денсаулығын сақтаңыз!