Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі – бизнес пен мемлекеттің ортақ жауапкершілігі

Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі – бизнес пен мемлекеттің ортақ жауапкершілігі

Қостанай облысында тағамнан улану және тағам арқылы таралатын аурулардың алдын алу бойынша жұмыстар жалғасуда. Профилактикалық іс-шараларды күшейтуге қоғамдық тамақтану объектілерінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылу жағдайларының жиілеуі себеп болды.

        Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының мәліметінше, суши, ролл, пицца, донер және шаурма дайындаумен, сатумен және жеткізумен айналысатын кәсіпкерлік субъектілеріне ерекше назар аударылуда.

         Аталған объектілер эпидемиологиялық тәуекелі жоғары өнімдермен жұмыс істейді, сондықтан өндірістің барлық кезеңдерінде – сақтау, тасымалдау және өткізу барысында санитариялық нормалардың қатаң сақталуын талап етеді.

         Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі №360-VI «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мемлекеттік органдардың да, кәсіпкерлік субъектілерінің де маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.

         Санитариялық заңнаманың бұзылуының алдын алу мақсатында Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруда. Бұл жұмысқа «Атамекен» кәсіпкерлер палатасын, бизнес өкілдерін, дайын тағам өнімдерін жеткізу қызметтерін және басқа да мүдделі тараптарды тарту жоспарлануда.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында кәсіпкерлерге келесі мәселелер бойынша заңнама талаптары түсіндірілетін болады:

  • тағам өнімдерін өндіру кезінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау;
  • қызметкерлердің міндетті медициналық тексерулерден өтуі;
  • рұқсат беру және хабарлама құжаттарының болуы;
  • азық-түлік өнімдерін сақтау және тасымалдау шарттарын сақтау;
  • қоғамдық тамақтану объектілерінде өндірістік бақылауды қамтамасыз ету;
  • персоналдың жеке бас гигиенасы талаптарын сақтау.

         Жаппай тағамнан уланудың алдын алуға және кәсіпкерлердің өткізілетін өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілігін арттыруға ерекше назар аударылатын болады.

          Мамандардың айтуынша, санитариялық талаптарды сақтау – бұл бизнестің заң алдындағы міндеті ғана емес, сонымен қатар тұтынушылардың денсаулығын сақтаудың маңызды шарты. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 36-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалар халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға міндетті.

        Мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастықтың бірлескен жұмысы санитариялық мәдениет деңгейін арттыруға және тағамнан улану тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Құрметті кәсіпкерлер!

        Санитариялық нормаларды сақтау – бұл тек заң талабы ғана емес, сонымен қатар тұтынушылардың сенімінің, бизнестің тұрақты жұмысының және өңір тұрғындарының денсаулығын сақтаудың кепілі.