Қала әкімі «Қостанай-2» ауданында көшпелі кеңес өткізіп, нөсер жауыннан кейін аулаларында жаңбыр суы жиналған тұрғындармен кездесті.
Еске сала кетейік, өткен жылы бұл ауданда көше мен тұрғын үйлерді жыл сайын су басу мәселесін шешуге бағытталған ауқымды жоба басталған болатын. Жоба аясында су бұру жүйесі ұйымдастырылып, 12,8 шақырым нөсер кәрізі салынды. Бұл шаралар өз тиімділігін көрсетті: биылғы су тасқыны кезеңінде тұрғындар тарапынан шағым түскен жоқ, ал өткен жылдың ақпан–наурыз айларында 240-тан астам өтініш тіркелген еді.
2025 жылы нөсер кәрізінің тағы 5,8 шақырымын салу жоспарланған. Алайда сәуір және мамыр айларындағы ұзаққа созылған жауын-шашын қосымша проблемалық учаскелерді анықтады. Осыған байланысты бұл аумақтарды да ағымдағы жоспарға енгізіп, тағы 5 шақырым кәріз желісін салу туралы шешім қабылданды.
«Қостанай Су» коммуналдық кәсіпорнына жұмыстарды жедел бастап, оларды осы жылдың 1 қазанына дейін аяқтау тапсырылды.