Биыл 44 көпқабатты тұрғын үй жөндеумен қамтылады: оның 9-ы күрделі жөндеуден өтеді, ал қалған 35 үйде ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Күрделі жөндеу аясында қасбеттер, шатырлар толық жаңартылып, балкондар әйнектеледі. Ағымдағы жөндеу жүргізілетін үйлерде қасбеттер сырланып, балкондар бірыңғай стильде әйнектеледі және сәулеттік жарықтандыру орнатылады.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы Қостанайда Дизайн-код бекітілген болатын. 2025 жылы бұл талаптарды толық жүзеге асыру бастамасы Әл-Фараби даңғылынан басталады. Даңғыл бойындағы барлық ғимараттар — тұрғын үйлер де, коммерциялық нысандар да — бірыңғай сәулеттік стильге келтіріледі.
Сонымен қатар, даңғылды кешенді абаттандыру аясында Баймағамбетов көшесінен Майлин көшесіне дейінгі 1,4 шақырымдық аумақта асфальт жамылғысы ауыстырылып, жаяу жүргіншілер аймақтары қайта жаңғыртылады және көгалдандыру көлемі арттырылады. Бұған қоса, вокзал алаңы жаңартылып, оған іргелес жатқан сквер абаттандырылады.
Кешенді тәсілдің жарқын үлгісі — Баймағамбетов көшесіндегі 164-үйдің күрделі жөндеуі болмақ. Жобаға қасбетті, шатырды, балкондарды жаңарту, сондай-ақ мұнда орналасқан 22 бизнес нысанына ортақ сәулеттік шешім әзірлеу кіреді. Жөндеу жұмыстары сәуір айында басталды. Мердігер ұйымдарға келісімшартқа сәйкес барлық міндеттемелерді сапалы әрі қысқа мерзімде орындалуы тапсырылды.
Рекламалық конструкциялар мен маңдайшалардың жай-күйіне де ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі келбеті бекітілген талаптарға сай келмейтін кейбір конструкциялар ауыстырылатын болады. Бұл бағыттағы жұмыс қаланың көшелері мен даңғылдарының сыртқы бейнесі бірыңғай эстетикалық стандартқа толық сәйкес келгенге дейін жалғасады.