Қостанайда жағалау мен Триатлон саябағының жаңарту жұмыстары жалғасуда

Қостанайда жағалау мен Триатлон саябағының жаңарту жұмыстары жалғасуда

Қала әкімі жағалау мен Триатлон саябағы аумағындағы абаттандыру жұмыстарының барысын тексерді.

«Шағала» жағалауын дамыту жобасы жалғасып жатыр. Биыл орталық көпірдің астында екі жағаны байланыстыратын жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салынатын болады.

Триатлон саябағында да абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Қалған негізгі кезең — Фролов көшесі жағынан кіреберіс кешенінің құрылысы. Жоспарға сәйкес, бұл аумақта аркалы әкімшілік-тұрмыстық кешен, коммерциялық нысандар және субұрқақ орнатылады.

Саябақтың қолданыстағы инфрақұрылымын кеңейту аясында йогаға арналған алаң, мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген спорт аймағы және тыныш демалысқа арналған жасыл кеңістік пайда болады.

Жарықтандыру жұмыстарының 90%-ы аяқталған. Бұл саябақты қазіргі таңда серуендеуге қауіпсіз әрі жайлы орынға айналдырды. Мамыр айының соңына дейін орнатылған 16 бейнебақылау камерасының барлығы іске қосылады. Сонымен қатар, автоматты суару және дыбыстық хабарлау жүйелерінің монтажы да аяқталуға жақын.

Көгалдандыру бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілуде: биыл саябақ аумағына қарағай мен шырғанақ секілді ағаштар отырғызылып, 60 мыңнан астам біржылдық гүлдер егілмек. Сондай-ақ, 2 мың шаршы метр рокарий мен көгал төселеді.

Мердігер ұйымдарға барлық жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.