Құрметті қостанайлықтар!

Құрметті қостанайлықтар!

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы баршамызға құтты болсын! 
Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келеді.

Наурыз — ежелгі дәстүрімен Жаңа жылдың басталуы ғана емес, бұл көктем мерекесі, табиғаттың қайта түлеп, қайта жаңғыруы. Күн мен түн теңеліп, ырыс пен береке әкелетін  бұл кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен түсіністіктің мерекесі.

Қазіргі уақытта Наурыз жаңа сипатқа ие болды, ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Халық  арасындағы достықты бекітуге, бауырластық қарым ­­— қатынастардың нығаюына, әр ұлттың салт — дәстүрінің қайта жаңғыруына осы мейрам үлкен үлесін қосып отыр. 

Ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен жаңа Наурызды қарсы алайық! Отанымызға – береке, халқымызға  игілік, әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін.

 Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын!

Құрметпен, Қостанай қаласының әкімі                                     М. Жүндібаев