Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жарлығымен Қазақстанда қыркүйектің екінші жексенбісі Отбасы күні болып белгіленген болатын.
Отбасы күні демографиялық саясатты қоса, әр мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына тиісінше ықпал ететін, заманауи қоғамның негізгі ұйымы ретінде отбасының маңыздылығын көрсетеді.
Қазақстанда Отбасы күнін атап өту неке және отбасы институтын, қоғамда адамгершілік пен руханиятты нығайтуға мүмкіндік туғызады.
Әрбір жеке адам өмірінің маңызды бастауы, рухани өзегі – отбасы. Мұндағы негізгі мақсат – отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасы ұғымының қоғамдық санамен сабақтасқан ішкі үйлесімін қалыптастыру, әлеуметтік мемлекеттің негізі болар бала мен оның құқығын қорғау.
Тәрбиенің негізі жанұядан бастау алады. Жанұя - адамзаттың алтын діңгегі іспеттес, оның ұрпаққа деген ықпалын өмірдегі ешбір күшпен салыстыруға болмас. Жастарды ұлттық нышандағы құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі.
Құрметті Қостанайлықтар! Сіздерді осынау жарқын мерекемен құттықтай отырып, әрбір отбасына амандық, еңбекте табыс, ырыс пен береке тілеймін!
Құрметпен,
Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов