Ауырғандардың көбі екпе салдырмаған

Ауырғандардың көбі екпе салдырмаған

Қостанайда жансақтау бөлімінде емделіп жатқан науқастардың көбі вакцина салдырмаған. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте денсаулық сақтау басқармасы коронавирусқа қатысты жағдай туралы толығырақ айтып берді. Соңғы алты күнде аймақта індетке шалдыққандар саны күрт өсіп, күніне 53-тен 116-ға дейін жетті. Брифингте Қостанай облысының бас санитар дәрігері Ермұханбет Дәулетбаевтың айтуынша, вирус жұқтырғандармен байланыста болғандар арасында аурудың 17,9% жағдайы анықталған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанова облыстағы 22 стационардағы орындар 44%-ға толтырылғанын айтады. – 15 шілде күні 1 302 төсектің 551-іне адам жатқызылған. 100 реанимациялық төсектің 34-інде науқастар ем қабылдауда, оның ішінде 22 науқастың жағдайы ауыр, – деп атап өтті Анжела Бексұлтанова. – Негізінен бұл процесс қатар жүретін аурулар – жүрек-қан тамырлары және қант диабеті есебінен көбейген. Ауырғандардың көбі – 60 жастан 70 жасқа дейінгі адамдар. Ауыр науқастардың арасында вакцинацияланғандар жоқ. Алайда, екпе салдырған адамдар ауырып қалуы мүмкін. – Сырқаттанғандардың жалпы санының 0,7%-ы вакцинацияланғандар, – деп нақтылады Ермұханбет Дәулетбаев. – 80% бірінші компонентті алғаннан кейін ауырып қалды. Олар вакцинациядан бұрын жұқтыруы мүмкін. Егілгендердің 20%-ы екінші вакцинадан кейін ауырып қалған, бірақ бастапқы кезеңде олар әлі антиденелер жасамаған кезде жұқтырған. Естеріңізге сала кетейік, иммунитет вакцинациядан соң, 2-4 аптадан кейін пайда болады. 1 ақпаннан бастап облыста 217,5 мыңнан астам адам егілген, олардың 109 мыңнан астамы толық екпе алған. Қазір облыс халқының 25%-ы вакцияна салдырған, мамандар бұл көрсеткішті 60%-ға дейін жеткізуді көздеп отыр.

http://www.kostanaytany.kz